Денсаулық сақтау министрлігі есепке алынбаған 50 ана өлімін анықтады

20 Маусым 2019, 15:33
2549
Бөлісу:
Денсаулық сақтау министрлігі есепке алынбаған 50 ана өлімін анықтады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Парламент палаталарының бірлескен отырысында 2015-2017 жылдары Қазақстанда ана өлімінің есепке алынбаған 50 фактісі анықталғанын айтты. 

«2015, 2016, 2017 жылдары ана өлімі бойынша есепке алынбаған 50 оқиға анықталды. Ақпараттық жүйелердің арқасында қазір әйелдің туған кезі мен қайтыс болған кезі анық көрінеді. Осы жағдайлар бойынша мерзімі сәйкес келе ме деп еліміздің және шетелдік жетекші сарапшылармен бірлесіп зерттеу жүргіздік. Бұл жағдайлар расталып, тіркелді. Сәйкесінше, барлық индикаторларды біздің ресми құжаттарымызға қостық», – деді Біртанов.

Министр ана мен бала өлімінің нақты статистикасын алу үшін бұл салада толық цифрландыруды енгізу қажет екенін айтты. Сонда ғана мұндай фактілерді жасыру мүмкін болмайды.

«Осыған қол жеткізілсе іс жүзінде жасыру қиын болады. Себебі өлім мен босану күндері сәйкес келгенде, біз автоматты түрде тергеу жүргіземіз. Бұрын жасырып, басқа диагноз жазуға болатын», - деді ведомство басшысы.

Біртанов ана мен бала өліміне аймақтық ауруханалар мен емханаларда медициналық жабдықтау мен кадрлардың жетіспеушілігі себеп болып отырғанын атап көрсетті. Оның сөзінше, анестезиологтар мен реаниматологтардың тапшылығы – 50%, гинекологтардың тапшылығы – 30% құрап отыр. Осы мәселені шешу үшін биылдан бастап мемлекеттік грант бойынша оқыған ЖОО түлектеріне аймақтарға міндетті бөлу және еңбекпен өтеу енгізілді. Қазірдің өзінде түлектердің 72% ауылдық жерлердегі ауруханалар мен емханаларға бөлінген.
Өзгелердің жаңалығы