Бас жаңалықтар
Денсаулық министрлігі медициналық көмектің сапасын қалай арттыратындарын айтты
16 Маусым 2021, 13:13 782

Денсаулық министрлігі медициналық көмектің сапасын қалай арттыратындарын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният денсаулық сақтау саласында көрсетілетін медициналық көмектің сапасына қатысты қойылған сұраққа жауап берді.

Бүгінгі күні көрсетіліп жатқан медицина сапасының деңгейі министрліктің бақылауында. Халықтың шағымы да біздің құлағымызға жетіп жатыр. Ол шағымдар бізді де қобалжытады. Сондықтан қазіргі күні медициналық ұйымдарда, әкімшіліктердің арасында медициналық көмектің сапасын арттыру үшін шараларды қабылдап отырмыз, - деді ол.

Осы ретте вице-министр қабылданған шараларға тоқталып өтті.

Біріншіден, медициналық қызметкерлерді оқыту, олардың деңгейін, біліктілігін арттыру жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оған министрлік тарапынан бөлінетін қаражат көлемі арттырылды. Әсіресе елдің арасында көп тараған ауруларды, балалардың ауруларын ерте анықтау және онкологиялық аурулармен күресетін дәрігерлерді оқытуға басымдық беріп, қаражат бөліп отырмыз, - деп айтты Ажар Ғиният.

Сонымен қатар екіншіден, әр аймақта министрлік жанынан құрылған бақылау комитеті, медициналық сақтандыру қоры бар. Оларға сараптама, бақылау жұмыстарын арттыру жөнінде тапсырма берілді.

Көбіне медицина қызметкерлері еңбекақысының төмендігіне шағымданады. Сонымен бірге өз қалауымен келген өте білікті, жақсы маманымыздың көбі жеке клиникаларға ауысып кеткен. Сол себепті биылдан бастап Президенттің қолдауымен медицина қызметкерлерінің жалақысы көбейтіліп жатыр. Бұл да медициналық көмектің сапасын арттыруға, жақсы мамандардың келуіне әсерін тигізеді деп ойлаймыз, - деп жауап берді вице-министр брифингте.

Айтуынша, медициналық көмектің сапасын арттыру ауқымды әрі жалпылама жұмыс.

Кей жағдайда пациенттердің тарапынан да медқызметкердің атқарып жатқан жұмысына кедергі келтіретіндері бар. Мысалы, пациенттің өзін дұрыс ұстамауы, медициналық қызметкерлерге сөз тигізуі, жұмысына ыңғайсыздық туғызатын әрекеттері де кездеседі. Сол себепті медицина саласын дамыту қоғаммен бірлесіп жүргізілетін жұмыс деп ойлаймы, - деп түсіндірді Ажар Ғиният.

Министрлік өкілі бұл бағытта жұмыстар әрі қарай да жалғасын табатынын айтты.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...