Министр көпбалалы отбасыға жаңа үй кілтін табыстады

13 Наурыз 2019, 16:20
3806
Бөлісу:
Министр көпбалалы отбасыға жаңа үй кілтін табыстады

Астана, BAQ.KZ. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған Үкіметтік комиссияның жұмыс сапары барысында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов аз қамтылған отбасыларға жаңа үйдің кілттерін табыс ету рәсіміне қатысты. 

Атырау облысындағы көпбалалы ана Ақмарал Қадырова жақында "Күміс алқа" төсбелгісімен марапатталды. Отбасының алты баласы бар, жетіншісін күтуде. Ұзақ уақыт бойы отағасы жұмысқа орналаса алмаған. Ескі үйде жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Жергілікті кәсіпкер, облыстық мәслихаттың депутаты Алмас Аманбаев Тұщықұдық ауылының тұрғынынан үй сатып алып, оны көпбалалы отбасына сыйлады.

"Мен мұны бұрыннан ойлап жүргенмін, бірақ ыңғайлы сәт болмады, бір отбасына болса да көмектескеніме қуаныштымын", - дейді Алмас Аманбаев.

Елжан Біртанов кәсіпкерге алғысын білдірді.

"Елбасы өткен сьезде мемлекет бір адам емес, барлық қазақстандықтар, сондықтан біз осындай шараларды қолдаймыз, өздерін ғана емес, жалпы қоғамды да ойлайтын адамдары бар ел бай болары сөзсіз", - деп атап өтті министр.

Аудан әкімі Марат Мурзиевтің айтуынша, өңірде кәсіпкерлердің бастамасымен көптеген қайырымдылық шаралар атқарылған.

"Ауданымызда кәсіпкердің қолдауымен баспанаға ие болып отырған алғашқы жанұя. Мұндай қайырымдылық шаралары алдағы уақытта да өз жалғасын табады деген сенімдемін. Себебі, жылдан-жылға кәсіпкерлердің саны артып, әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға материалдық көмек көрсетемін деушілердің қатары көбейіп келеді", - деді Марат Мурзиев.

Жалпы ауданда күнкөріс есебінен төмен табыс табатын 140 отбасы бар. Қазіргі кезге дейін оларға кәсіпкерлердің қолдауымен азды-көпті көмектер көрсетілген.

Өзгелердің жаңалығы