Денсаулық мәдениетін қалыптастыру – қоғамдық денсаулық сақтаудың басымдығы

23 Сәуір 2019, 15:42
6568
Бөлісу:
Денсаулық мәдениетін қалыптастыру – қоғамдық денсаулық сақтаудың басымдығы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Медициналық-санитариялық алғашқы көмекті ДДҰ мүше-мемлекеттері Баршаға арналған денсаулық мақсаттарына қол жеткізудің көзі ретінде анықтаған. Бұл туралы Қоғамдық денсаулық сақтау ұлттық орталығының Қоғамдық денсаулықты нығайту орталығы директорының орынбасары Камилла Тұяқбаева айтты.

Денсаулық сақтау ресурстарын нығайту бойынша біріншілік жүлде медициналық-санитариялық алғашқы көмекке тиесілі, өйткені алғашқы көмек ретінде баршаға арналған денсаулыққа тұратын жеріне, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан қол жеткізу, сондай-ақ әлеуметтік әділетті қоғам құру бойынша маңызды және шешуші рөл атқарады.

Қазақстандағы МСАК ұйымдарында бүгінгі таңда вакцинация, скрининг, аналардың, нәрестелердің, балалар мен жасөспірімдердің физикалық, психикалық, сексуалды және ұрпақты болу денсаулығын сақтауға және нығайтуға бағытталған қызметтер, Ауруларды басқару бағдарламаларын енгізу сияқты медициналық және профилактикалық көмектің кең ауқымы ұсынылады.

2018 жылғы Медициналық-санитариялық алғашқы көмек жөніндегі декларацияда елдер денсаулық сақтау қызметтерімен бірінші байланысты көздейтін МСАК-қа қажетті әлеует пен инфрақұрылымды кеңейту арқылы тұрақты МСАК құру бойынша міндеттемелерін алды. Бұл ретте, қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды функцияларға, сондай-ақ жеке адамдар мен қоғамның құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейтуге басым назар аударылады. Медициналық көмектің қолжетімділігі бір адамның денсаулығы жалпы біртұтас қоғамның денсаулығымен ажырағыссыз байланыста. Әр қоғам мен аумақтың саулығын ұлт денсаулығының жалпы мәртебесі анықтайды деген қағидатқа негізделген.

Бүгінгі таңда, қоғамдық денсаулық сақтау саласының негізгі функцияларын іске асыру қоршаған ортаның, еңбек етудің, азық-түліктердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және салауатты өмір салты қағидаттарына жауаптылық пен бейілділік қатынасты жоғарылатумен қатар денсаулықты сақтауға бағытталған. Осыған байланысты, қоғамдық денсаулық сақтау саласының негізгі функцияларын ұлттық денсаулық сақтау жүйелерімен, басқа секторлармен және қоғам деңгейлерімен біріктіру, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы кадрлық ресурстар әлеуетін нығайту мәселелеріне назар аудару қажеттілігі туындап отыр.

Қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы маңызды басымдықтардың бірі халық арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру, өз денсаулығына деген жауапкершілікті құру және ересектердің үлгісінде балаларды сау әдеттерге дағдыландыру болып табылады.

Мысалы, қазақстандықтар тұзды көп тұтынады, ДДҰ ұсынған 5 граммдық мөлшерден 4 есеге дейін асып түседі, алайда жүрек-қантамырлары патологияларын, артериалдық гипертензия мен оның асқынуын тудыратын басты факторлардың бірі нақты тұз екендігін көбісі біле бермейді. Денсаулыққа әсер ететін факторлар туралы халықтың ақпарат алу дәрежесі көптеген мемлекеттердің тәжірибесі көрсеткендей, сау әдеттер мен машықтарды дағдылауға салауатты өмір салтын жүргізу бойынша жеке бейілділігіне тікелей ықпал етеді. Мұндай тәсіл денсаулық мәдениетін қалыптастыруды қажет етеді, осылайша жастайынан бастап салауатты таңдау жасауға тәрбиелеу жолға қойылады.

Қазақстанда балалар, жасөспірімдер және ересектер арасында денсаулық мәдениетін қалыптастыру үшін денсаулық мектептері қызмет етеді, олардың қызметтері аурулардың пайда болуына әкелетін қауіпті мінез-құлықтық факторларды ескерту бойынша халықтың білімін жетілдіруге, ақпарат беруге және тәжірибелік машықтарын дамытуға бағытталған. Мектептегі мамандар топта және жекеше консультация беру түрінде медициналық және профилактикалық қызметтер көрсетеді.

Сонымен қатар, өткен аптаның соңында ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов Шығыс Қазақстан облысына барған жұмыс сапары аясында Семей қаласының №1 емханасындағы Денсаулық мектебіне барды, сол жердегі сабақтарға қатысып, медицина қызметкерлерімен және мектепке қатысушылармен сұхбаттасты. Олардың айтуынша, мектепке бару арқылы олар денсаулықты нығайту бойынша дұрыс ақпарат алады, ал алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде қолданады.

Денсаулық мектептерін ұйымдастырудың мақсаты денсаулыққа байланысты мәселелерде халықтың құзыреттілігін жоғарылату, денсаулыққа тікелей немесе жанама әсер ететін факторларды бақылау машықтарына үйрету болып табылады. Бұл жерде олар дұрыс тамақтану, күн тәртібіне дене белсенділігін қосу, белсенді болу, психикалық денсаулықты қалыпта ұстау үшін ашуланбау, темекі шегу, ішімдікке салыну сияқты көп таралған, бірақ қауіпті зиянды әдеттерден бас тарту бойынша білім алады.

Денсаулық мектептеріндегі теориялық сабақтарды (ақпараттық-ағарту бөлімі) денсаулықты насихаттау жөніндегі мамандар жүргізеді, учаскелік қызметтің дәрігерлері, бейінді мамандар (кардиологтар, эндокринологтар, гастроэнтерологтар, пульмонологтар және т.б.) тартылады, сонымен қатар емдік дене шынықтыру нұсқаушылары және психологтар жұмыс жасайды. Практикалық сабақтар мейірбикелердің қатысуымен өткізіледі.

Мектеп қатысушыларын учаскелік дәріргерлер, жалпы практикалық дәрігерлер, арнайы мамандар түрлі диспансерлік топтарға жататын адамдар және ауруларды басқару бағдарламасының қатысушылары қатарынан скринингтік тексеру нәтижелері бойынша іріктеп алады. Денсаулық мектептеріне денсаулық жағдайына қарамастан, кез-келген адам бара алады.

Бұл жерде МСАК деңгейінде ауруларды басқару бағдарламасының жобасын енгізу маңыздылығын айтып өткен жөн, оның мақсаты медицина қызметкерлері мен пациенттің менталитетін өзгерту, серіктестік қатынастар құру, пациенттердің өмір сүру сапасы мен денсаулық деңгейін жоғарылату үшін пациентке бағытталған үлгіні құра отырып пациентті өз денсаулығын басқаруға тарту, созылмалы жұқпалы емес аурулар кезінде халық арасындағы өлім-жітім мен мүгедектікті, клиникалық асқынуларды төмендету болып табылады.

Қазақстанда әр азаматты өз денсаулығына жауапкершілікпен қарату тетіктерін пайдалана отырып, денсаулықты насихаттайтын мамандардың МСАК дәрігерлерімен бірге халыққа өз денсаулығын сақтауға және нығайтуға айтарлықтай көмек көрсете алатын осындай мектептер көп болады деген сенімдеміз.

Өңірлік СӨС орталықтары ұсынған деректер бойынша, ҚР-да 4167 бейінді денсаулық мектебі жұмыс істейді, оның ішінде МСАК ұйымдарында – 3783, стационарларда – 384, жалпы қамтылу 2 016 263 адамды құрайды. Бүгінгі таңда диабет, демікпе, артериалдық гипертония және жүректің ишемиялық ауруы, отбасыны жоспарлау, босануға дайындау, жас ана, сау бала, қауіпті мінез-құлықтардың алдын алу, сондай-ақ қарт адамдар мектептері бар.

Өзгелердің жаңалығы