Демалыс орындарында санитарлық талап сақталмаған – Ақмола облысы

15 Шілде 2020, 06:15
1583
Бөлісу:
Демалыс орындарында санитарлық талап сақталмаған – Ақмола облысы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысында санитарлық дәрігерлер демалыс орындарын тексерді, деп хабарлайды "Хабар 24".

Бұл жолы Бурабай және Зеренді курортты аймақтарындағы 50 шақты туристік нысан қамтылды. Құзырлы орган өкілдерінің айтуынша, олардың 80%-інде карантин ережелері сақталмаған. Мамандар онда алдымен ғимараттарда қорғаныш құралдарының болуын және асханаларда арақашықтықтың сақталуын назарға алды.

Барлық нысанда антисептик бар. Алайда, маска тағып, арақашықтық сақтап жүрген ешкім жоқ, - дейді эпидемиологтар.

Әсіресе, жағажайдағы жағдай өте қиын. Су жағалаған кісінің көптігі соншалық, ине шаншар жер жоқ. Тексерушілер демалушыларға да, кәсіп иелеріне де әзірге тек ескерту жасаумен шектеліпті. Ал келесі жолы жауапкершілікке тартылмақ.

Келер аптадан бастап біз шара қолдануға көшеміз. Санитарлық талаптарды сақтамаған демалушыларға 30 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 30 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Ал, кәсіпкерлік нысандары 230 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл төлеуге мәжбүр болады. Мониторингті қажет болса, күнде жүргіземіз. Себебі, бұл, халық денсаулығы үшін өте маңызды, - деді облыстың бас санитар дәрігері Айнагүл Мусина.

Өзгелердің жаңалығы