Бас жаңалықтар
Демалыс күндері елордалық автобустарға дезинфекциялау жүргізіледі
25 Шілде 2021, 01:25 125

Демалыс күндері елордалық автобустарға дезинфекциялау жүргізіледі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елорданың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес қоғамдық көліктің жұмысы сенбі және жексенбі күндері дезинфекциялық өңдеу жүргізу үшін тоқтатылады, деп хабарлады Нұр-Сұлтан әкімдігінің ресми сайты.

№3 автобус паркінде қоғамдық көліктерді залалсыздандыру жұмысы қалай жүргізілетіні айтылды.

№3 автобус паркі 8 қалалық маршрутқа қызмет көрсетеді, күн сайын желіге 114 автобус шығады.

Жылжымалы құрамды дезинфекциялық өңдеу күніне бірнеше рет, яғни үзіліс кезінде жүргізіледі. Өңдеу жұмысы адам денсаулығына қауіпсіз 1% хлор ерітіндісімен жүзеге асырылады. Коронавирустық инфекция жұқтырғандардың өсуіне байланысты демалыс күндері автобустар толық өңдеуден өту үшін тоқтайды. Сенбі және жексенбі күндері дезинфекторларымыз автобустарды бірнеше рет ауқымды түрде өңдейді. Мұны жалпы тазарту деп айтуға болады. Дезинфекциялық құралдар жеткілікті мөлшерде сатып алынды, - деді №3 автобус паркінің директоры Нұрбол Ысқақов.

Автопаркте арнайы оқытылған дезинфекторлар жұмыс істейді.

№3 автобус паркінде 2019 жылдан бері жұмыс істеп келемін. Пандемия басталысымен дезинфекторларға арналған оқудан өттім. Мұнда алты дезинфектор ауысыммен жұмыс істейміз. Автобустар жуылған соң ғана дезинфекцияланады, содан кейін дымқыл тазалау жүргізіледі. Біз тұтқаларды, орындықтарды, жолаушылар жиі ұстайтын жерлерді сүртеміз. Бір ауысымда орта есеппен 40 автобусты өңдейміз, - деді автопарктің дезинфекторы Әсемгүл Қасенова.

Оның айтуынша, жұмыс күндері әр автобус күніне кемінде екі рет өңделеді. Ал дезинфекциялық өңдеуден өтпеген көлік желіге шығарылмайды.


Фото: дереккөз
Загрузка...