Дайындық қанша уақытқа созылғанын тергеу көрсетеді – Тоқаев елдегі тәртіпсіздік туралы

10 Қаңтар 2022, 13:58
1210
Бөлісу:
Дайындық қанша уақытқа созылғанын тергеу көрсетеді – Тоқаев елдегі тәртіпсіздік туралы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясында елде қандай жағдай қалыптасқанын мәлімдеді.

Ұжымдық қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс сессиясының қатысушыларын Президент елде соңғы күндері не болғаны туралы хабардар етті. Мен осы жылдың басынан бергі барлық оқиға бір тізбектің буыны екенін жауапкершілікпен айта аламын. Олар бірыңғай жойқын жоспарға байланысты, оған дайындық ұзақ уақытқа созылған.  Бұл дайындықтың бір-екі-үш жыл, яғни қанша уақыт жүргенін тергеу көрсетеді. Деструктивті күштер тұрақтылыққа нұқсан келтіріп, тәртіпсіздіктер тудыруға бірнеше рет әрекет жасады, - деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев бұл мемлекеттің тұрақтылығы мен беріктігін сынаудың бір түрі болғанын айтты.  

Бұл әрекеттердің жолын батыл түрде кестік. Бірақ ұйымдастырушылар өз жоспарларынан бас тартпай, қарулы қақтығыстарға дайындауға кірісті. Олар сылтау ретінде бірқатар өңірде автокөлік газының қымбаттауына байланысты халықтың наразылығын пайдаланды. Митингілері өтіп, қатысушылар әлеуметтік-экономикалық және қоғамдық-саяси талаптарды алға тартты. Оның барлығы мемлекет тарапынан тыңдалып, орындалды. Үкімет отставкаға кетті. Автогаз бағасы бұрынғы деңгейде сақталды. Нақты әлеуметтік-экономикалық шаралар кешені мен әлеуметтік-саяси реформалардың жоспары қабылданғанын хабарладық, - деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев саммитте.

Өзгелердің жаңалығы