Дайын болуымыз керек: Карантиннен кейін де өмір бар – экономист

17 Сәуір 2020, 15:45
2861
Бөлісу:
Дайын болуымыз керек: Карантиннен кейін де өмір бар – экономист

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Коронавирус қалыпты өмірді бұзып, әлем экономикасын титықтатып жіберді. Соңғы бір ай көлемі Қазақстан үшін де оңай болмай тұр. Оған теңгенің құлдырауын тағы қосыңыз. Осы ретте экономист, "Ғылым қоры" АҚ төрағасының орынбасары Бақытжан Сәркеевпен тілдесіп, карантиннен кейін Қазақстан экономикасын қандай өзгерістер күтіп тұрғанын сұраған едік.

Пандеммя күнделікті өмір салтымызды өзгертті. Төтенше жағдай аяқталған соң, не болатынын болжау да қиын. Әйтеуір қай сарапшыны тыңдасаң да әлем енді бұрынғыдай болмайтынын айтады. Коронавирус, мұнай бағасының құлдырауы, іскерлік белсенділіктің төмендеуі – осының барлығы өміріміздің қысқа мерзімде айтарлықтай өзгеруіне әкелді.

Осы ретте экономист Бақытжан Сәркеевтің пікіріне құлақ түрсек.

Соңғы 100 жылда болмаған ең ірі дерт бүкіл әлем экономикасына өз әсерін тигізіп жатыр. Дүниежүзілік экономикалық форум бар, Халықаралық валюта қоры және басқа да ірі ұйымдардың болжамы бойынша бүкіл әлем экономикасында құлдырау болады деп күтілуде. Оның салдары мұнай бағасының тұрақсыздығына әсер етеді. Мұнай бағасы одан ары да төмендеуі мүмкін. Бүкіл өндірістің қарқыны бәсеңдейді. Сосын жұмыссыздық саны көбейетіні анық. Бұл дегеніміз халықтың табысының азаюына әкеліп соқтырады. Сондықтан қиын заман болғалы тұр. Дайын болуымыз керек, - дейді Бақытжан Сәркеев. 

Доллардың курсы 400-ден асып кеткеніне де бір айдан асты. Оның қайтып түсуі мүмкін емес дейтіндер көп. 

Доллар – әлем елдерінің ортақ валютасы. Оған ешқандай балама жоқ. Сондықтан доллардың бағасы жоғары болып тұрады. Ал теңгенің долларға шаққандағы құнына байланысты нақты болжам жасау қиын. Бәрі де мұнай бағасына байланысты. Жалпы айтар болсақ, теңгенің құнсыздануына сол шикізатқа тәуелділігіміз себеп болып отыр. Бұдан шығатын жол таппасақ, осылай жүре береміз. Сол үшін үкімет жуық арада шұғыл шаралар қабылдауы қажет.  Әсіресе, өзіміздің өндірісті қолға алмасақ болмайды, - дейді сарапшы. 

Оның айтуынша, үлкен комбинаттар да керек болып қалуы мүмкін. Сосын мемлекеттік және ірі компаниялар тарапынан болатын сатып алу тапсырыстарының барлығын отандық тауар өндірушілерге жіберу керек деп отыр. 

Мұндай кезде "...Дүниежүзілік сауда ұйымының талаптарына сай болу керек, шетелден аламыз" деген әңгіменің барлығын қою керек. Карантин біткеннен кейін өндіріс саласы жанданады деген үміттемін. Керек кезде бетперде мен антисептиктің өзін таппай қалдық. Басқаларға тәуелді болмау үшін өзімізде шығару керек. Екіншіден, карантин біткен жағдайда қызмет көрсету саласы жандануы тиіс. Өйткені адамдар үйде отырып қалды. Енді карантиннен кейін шаштараз, химиялық тазарту, көлік жуу және жөндеу орталықтарына баратындар көбейеді. Әзірге карантиннің қаншаға созылатынын білмейміз. Сондықтан оған да көп нәрсе байланысты, - дейді экономист.

Ел үйге оқшауланған кезде жұмыстың көбі онлайн жүйеге көшкені белгілі. Қазақстан бұған дайын болмай калды. Интернет жылдамдығы баяулау, мемлекеттік қызмет көрсететін порталдардың серверлері қолданушылар көптігінен істен шығып қалып жатты. Тіпті, Сенат спикері Дариға Назарбаеваның өзі "Цифрлық Қазақстан" бағдарламасын қайта қарау керектігін айтты. Осы ретте Бақытжан Сәркеев те цифрландыру саласына көп көңіл бөлу қажет деп отыр.

Цифрландыруға күш салуымыз керек. Әсіресе, ауылдық жерлерді толықтай интернетпен қамтамасыз ету аса маңызды. Өйткені керек десеңіз бизнес, білім бәрі де осы ақпараттандыруға тәуелді. Басқа елдерден қалып қалмайық, жалпы мемлекеттік қызметті жетілдіру, бюрократияның алдын алу үшін ақпараттандыру және цифрландыру саласына көп көңіл бөлу қажет. Ең бірінші кезекте интернет жүйесін күшейту қажет, яғни оның барлық өңірлердегі қолжетімділігін және жылдамдығын арттыру қажет, - дейді сарапшы.

Коронавирус пен карантин біздің аяулы мамандарымыздың қадірін арттырғандай. Медицина қызметкерлері мен ұстаздардың жұмыстары осындай сәтте көрініп қалды. 

Бұрынғыша жұмыс істеген болмайды енді. Барлығы басқаша болады. Бәріміз медицина, білім, ғылым және мәдениет салаларына тәуелді екенімізді көрдік. Осыдан кейін дәрігер, мұғалімдердің қадірін жете түсінеміз деп ойлаймын, - дейді Бақытжан Сәркеев.

Ол сонымен қатар, мұндай кезде Ұлттық қордың қаржысын пайдалану керек деп отыр.

Президент шағын және орта бизнес өкілдерін 1 қазанға дейін салықтан босатты. Бұл қадам мемлекеттік бюджетке өз әсерін тигізбей қоймайды. Себебі бюджетке біраз ақша түспей қалады. Бірақ қазіргі жағдайда бизнеске жағдай жасалуы тиіс, осы ең маңызды. Осындай қиын жағдайға арналған бізде Ұлттық қор бар. Соны пайдаланғанымыз жөн деп ойлаймын. Себебі бүгінгі жағдай еліміз үшін өте ауыр келеңсіз жағдай. Ұлттық қорды құрудағы әу бастағы мақсат – қиын-қыстау кезде тұрақтықты сақтап қалу, соған пайдалану. Біз отандық кәсіпкерлерге  бүгін көмектессек, болашақта оның қайтарымы болатынына сенімдімін, - деді экономист.


Өзгелердің жаңалығы