Дауыс беруде ешқандай түсінбестік, дау-дамай жоқ – бақылаушы

9 Маусым 2019, 13:44
2092
Бөлісу:
Дауыс беруде ешқандай түсінбестік, дау-дамай жоқ – бақылаушы
Фото: автордан

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Сайлау кезінде әрбір учаскені халықаралық ұйымдар, саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың бақылаушылары қадағалауда.

№8 сайлау учаскесінде «Ұлт тағдыры» қоғамдық қозғалысы Ақмола облыстық филиалы атынан тіркелген бақылаушы Жомарт Қазбековтың пікірін білдік.

«Халық сайлауға өте белсенді қатысуда. Көңіл-күйлері көтеріңкі. Дауыс беруге барлық талапқа сай жағдай жасалған. Әзірге ешқандай түсінбестік, дау-дамай жоқ. Туындаған мәселелер де рет-ретімен шешілуде. Мәселен, бір қыз бала келіп, анасының аяқ астынан ауырып қалғанын, үйге жәшік апаруға болатын-болмайтынын сұрады. Әрине, болады. Ондай адамдарға дауыс беру жәшігі апарылуда. Барлық учаскелерде сайлаушылардың тізімі бар. Егер тізімнен табылмай жатса, сайлаушылар халыққа қызмет көрсету орталығынан алынған мекен-жайы жөніндегі анықтаманы алып барса да сайлау комиссиясы назарға алатын болады. Қысқасы, бәрі рет-ретімен, заңға сәйкес өтуде», - дейді Жомарт Қазбеков.

Қаладағы №31 сайлау учаскесінде дауыс берушілер өздері қалаған үміткерлеріне, бюллетендегі өз таңдаулары тұсына белгі соққанша асығулы. Жұрт кезек күтіп қалғанына, кідіргеніне де ренжір емес. Аса бір ықтиятпен, жауапкершілікпен келіп, ұзына-шұбақ кезекке тұрып дауыс берушілер, тізімді мұқият тексеріп, келушінің құжатына сай бюллетень ұсынып, жол сілтеп, жөн көрсетуде сайлау комиссиясының мүшелері.

Қарияларды жанарлары жарқырап, елдегі елеулі оқиғаға, тарихи күнге үлес қосқандары үшін қуанған немерелері жетектеп келеді.

Сайлауға белсенді қатысу – ел азаматы ретінде маңызды шешім қабылдау деп түсінеді дауыс берушілер.

«Еліміздің ертеңі, халқымыздың бақуатты тірлігі, тату-тәтті өмір үшін дауыс береміз. Әр тұрғын қала келешегі мен ел ертеңі үшін өз таңдауларын жасауда. Енді президент болып сайланған тұлға сол сенім үдесінен шығып, халықтың жағдайын жақсартуға өз үлестерін қосады деген үміт мол. Өйткені алдына зор міндет қойып отырған болашақ Елбасымызға жүктелетін жауапкершіліктің орны бөлек», - деп пікір білдірді 88 жастағы қала тұрғыны Ырысалды Сыздықова. 

Өзгелердің жаңалығы