Дауылдан соң. Барлық объектілер қалпына келтіріледі - облыс әкімі

8 Сәуір 2020, 23:29
1861
Бөлісу:
Дауылдан соң. Барлық объектілер қалпына келтіріледі - облыс әкімі

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықбаев облыс халқына арнап үндеу жариялады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Өздеріңіз білесіздер, кеше 7 сәуір күні облысымыздың аумағында күшті дауыл болды. Секундына отыз метрге дейін жететін қатты желдің әсерінен облыс орталығында және облыстың бірқатар аудандарында электрмен қамтамасыз ету үзілді. Тұрғын үйлердің, әлеуметтік объектілердің шатырлары зақымданды. Шамамен 30 адам түрлі ауыртпалық дәрежесінде жарақат алды. Өкінішке орай, Бурабай ауданында бір адам қайтыс болды. Қайтыс болған адамның туыстары мен жақындарына қайғыларыңызға ортақтасып көңіл айтамын - делінген әкім үндеуінде.

Сонымен қатар ол, қазіргі уақытта барлық коммуналдық күштер мен ТЖ қызметтері өңірдегі табиғи стихия салдарын жоюға жұмылдырылғанын атап өтті.

Құрметті жерлестер! Барлықтарыңызды тыныштық сақтауға шақырамын. Залалдың шығыны есептелуде. Барлық объектілер қалпына келтірілетін болады. Зардап шеккендерге қажетті көмек көрсетіледі. Орын алған жағдайда тыныштық сақтау қажет, үрейге берілуге болмайды және азаматтық жауапкершілік таныту керек. Осылайша біз бірлесіп барлық қиындықтарды өткере аламыз - деді Ермек Маржықбаев.

Естеріңізге сала кетейік, 7 сәуір күнгі дауылда Ақмола облысында 160-тан астам ғимаратқа зақым келіп, бір адам көз жұмған болатын.

Өзгелердің жаңалығы