Дүлей дауыл көкшетаулықтарды әбігерге салды

7 Сәуір 2020, 22:52
1509
Бөлісу:
Дүлей дауыл көкшетаулықтарды әбігерге салды

Көкшетау, BAQ.KZ тілшісі. Көкшетауда сұрапыл дауыл тұрғын үйлердің шатырын ұшырып, аялдамалар мен ағаштарды қиратты. Қала көшелерінде қоқыс ұшып жүр. Қаланың біраз бөлігі жарықсыз отыр.

Табиғаттық тосын мінезі тұрғындарды әбігерге салды. Көпқабатты тұрғын үйлерде тұратын адамдар сұрапыл көріністі смартфондарына түсіріп таратуда. Желдің екпіні 30 м/с жетті.

Төтенше жағдайлар басқармасының мамандары тұрғындарға сақтық шараларын сақтап үйден шықпауға кеңес беруде. 

Дүлей дауыл Әуелбеков көшесі бойындағы 5 қабатты тұрғын үйдің шатырын ұшырып әкетті. Қатты желдің екпінінен Шевченко, Темірбеков, Әуезов көшелері мен Бармашин ауданы, көз орталығы аумағындағы электр желілері істен шықты,-деп түсінік берді қалалық төтенше жағдайлар басқармасының баспасөз қызметі.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметі таратқан ақпаратқа қарағанда, сұрапыл дауылдан облыс орталығында 4 тұрғын үйдің шатыры қирап, 2 әкімшілік ғимарат, 10 аялдама, 4 жарнама конструкциялары бүлінді.

 "Көкшетау ДЭУ" ЖШС қалалық төтенше жағдайлар басқармасымен бірлесіп дауылдың салдарын жою жұмыстарына кірісуде.

Қазіргі уақытта 25 адамнан құралған арнайы бригада ақауды қалпына келтіру жұмыстарымен айналысуда. Төтенше жағдай құрамының 20 қызметкері, 180-нен аса коммуналдық сала қызметкерлері, қосымша 8 техника жұмылдырылды.

Құтқару қызметі таратқан sms-хабарламаған қарағанда, 8 сәуір өңірде қалың тұман, боран, көктайғақ күтілуде.
Өзгелердің жаңалығы