Дәурен Абаев: Әлемге мақтанып көрсететін жерлеріміз көп
6 Мамыр, 20:17 541

Дәурен Абаев: Әлемге мақтанып көрсететін жерлеріміз көп

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ.   Алматының және Алматы облысының туристік салаларына қатысты өкілдерімен кездесіп, көрікті жерлерін  аралап қайтқаны жайында министр өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды.

Алматының және Алматы облысының туристік салаларына қатысты өкілдеріменкездесу  барысында көптеген мәселе талқыланды. Автобус операторларын субсидиялауға қатысты сұрақтан бастап, жаяу жүргіншілерге жол салу мәселесі, кемпингтер мен дәретханалардың жағдайына дейін түйіні шешілмеген түйткілдер алдымыздан шықты.Сұрақтардың әрқайсы жан-жақты зерттеліп, пысықталып, сәйкес шешім қабылдау үшін өкілетті мемлекеттік органдарға ұсынылады. Ең алдымен жағдайға жақынырақ көз жеткізу үшін мамырдың алғашқы күндеріндегі демалысымда Алматы облысына қарасты туристік бағыттар бойынша жүріп өттім. Жалпы болашақта осы салаға тікелей жауапты министр ретінде еліміздегі ең танымал туристік бағыттарының барлығын аралап, олардың мүмкіндіктері мен қажеттіліктерін мұқият зерттеуді жоспарлап отырмын,- деп жазады министр.

Былтырғы жығы демалысында Маңғыстау өңірінің көрікті де киелі де жерлерімен, оның ішінде Бозжырамен, Бекет-Ата, Шопан-Ата мешіттерімен танысқанын, . кейінгі сапарында Шығыс Қазақстан облысында, ұлыларымыз жатқан киелі мекен «Жидебай-Бөріліде» болғанын жазған.
 

Бұл жолғы сапарымды Алматыдан 120 шақырым жердегі Тамғалы-Тас мекенінен бастадым. Жартастарға салынған ежелгі петроглифтер шынымен баға жетпес құнды тарихи жәдігерлер. Көне таңбалардың ішіндегі ең әйгілісі 12 ғасырдағы Будданың 5 суреті, сонымен бірге барлық қазақ руының таңбалары. Шатқалдың тарихы бай, түрлі аңыз бен жұмбаққа толы өлке екен. Жалпы ол жерге отбасымен барып демалсаңыз да, ғылыми экспедициямен ат басын бұрсаңыз да, деректі, көркем фильмдер түсіру үшін де таптырмас орын деуге болады,- деп жазады Дәурен Абаев.

Одан кейінгі барған жері – «Алтынемел» ұлттық паркін, ол жерде «Бесшатыр» сақ қорғаны орналасқанын, нағыз ашық аспан астындағы мұражай екенін,бірақ оған көп жағдай жасау керектігін айтып өтті. 

Алтынемелдегі «Айғайқұм» мен Ақтау тауы да ерекше таңғалдырды.Тағы бір назар аударарлық мекен – Алматы облысы Панфилов ауданындағы Жаркент қаласы. Ондағы Қытай стилінде салынған орталық мешітімен танымал нысан Шығыс пен Орталық Азияның мәдениеттерін үйлестіріп тұр. Түрлі-түсті, әдемі, көне ғимарат адамды өзіне бірден баурап алады. Одан бөлек мешіт аумағында әртүрлі ұлттың өнер нысандары қойылған сәулет-өнер мұражайы бар. Сондай-ақ Панфилов ауданына барған адам «Әулие Ағашты» көрмей кетпейді екен. Шамамен 700 жылдан астам уақыттың тірі куәгері саналатын ағаштың әулие аталуы тегін емес сияқты. Ол жерге жыл сайын мыңдаған адам тілек тілеп барып, бойларына күш-қуат жинап, аңыз тыңдап қайтады екен. 2010 жылы дін фанаттары ағашты өртемекші болып, әйтеуір аман қалыпты,- деп қуанышын білдіріп қояды министр.

Айтпақшы, Әулие Ағаш төңірегіндегі тоғай да ерекше. Алыстан қараған адамға онда өсіп тұрған ағаштар бастарына тәж киіп, әлгі Әулие Ағашқа құрмет көрсетіп тұрғандай болады. Табиғаттың шеберлігіне қарап, кәдімгідей таң қаласың.Сарытоғай шатқалында Шарын өзенінің бойымен 20 шақырымға созылған шаған тоғайы бар. Мұнда өсетін соғды шағанының ерекшелігі - 2 миллион жылға дейін өз түрін өзгертпейтіндігінде екен. Кеңес заманында Мосин винтовкасын дайындау үшін осы шаған түрі қолданылып, тоғай жойылып кетудің аз-ақ алдында қалған кездер болыпты. Қазір әрине, арнайы қорғалады,- деген  таңданысын да жасырмады министр. 

Келесі бағыты – Қайыңды көлі жайлы,  Қайыңдының – туристер үшін өте танымал орынға жататынын айтып өтті. « Ол жер туралы өздеріңіз де талай рет естіп, араларыңызда барғандар да бар шығар. Бүгінде бұл демалыс орны жергілікті тұрғындарды, соның ішінде жылқы ұстап отырған шаруалардың көбін жұмыспен қамтып отыр. Оның себебі, қазір Қайыңдыға атпен барушы туристер көп. Атқа мініп, таулы өлкенің ғажап көрінісін тамашалау, таза ауамен тыныстап, бір уақыт сергіп қайтудың әсері шынымен бөлек»,-дейді автор.

Министрдің айтуынша  бір әттегенайы сапары барысында кездескен туристердің бәрі сол жердегі қоғамдық дәретхананың барлығы жабық тұрғанын айтып шағымданғаны, себебі, дәретханаға су тартылмағаны және болашақта бұл мәселенің  де оң шешімін табатынын білдіруде.

Жергілікті халық үшін де, шетелдік туристер үшін де ең танымал әрі ең ғажап орындардың бірі – Шарын шатқалы. Жергілікті басқарушылардың арқасында аумақта барлық қажетті жағдай жасалған деуге болады. Дәретханалар, айналаны еркін шолатын арнайы орындар, қоқыс жәшіктері бәрі бар. Яғни, толық абаттандыру жұмыстары жүргізілген. Бұл әрине, қуанарлық жағдай. Жалпы бұл жердің туристік әлеуеті өте зор. Сол себепті біз шатқалға жарық тарту мәселесін жұртшылықпен, экологтармен ашық талқылауды ойладық. Өйткені жаздың аптап ыстығына көп турист шыдамайды. Сондықтан оны кешке жақын тамашалағысы келетіндер үшін жағдай туғызуымыз керек,- деді Дәурен Абаев.

Сапарының соңғы нүктесі Түрген шатқалы мен Бартоғай су қоймасының арасында орналасқан Ассы жайлауы туралы да біраз мәліметтер келтіріпті. 

Мұнда бірегей обсерватория бар. Оның бірегейлігі неде дегенде, аңғар – обсерватория мегаполистен 100 шақырымдай қашықта орналасқан, ауасы тап-таза, атмосферасы тұп-тұнық, басқа жарықтар бөгет жасамайтын, бір сөзбен айтқанда түнгі аспаны әрдайым ап-ашық алап. Ең ғажабы, мұндай нүктелер әлемде санаулы ғана екен. Айтпақшы, бұл обсерваторияда жазылған деректер автоматты түрде әлемнің 15 еліндегі ғылыми орталықтарға жіберіліп отыратынын айта кеткен дұрыс. Сондықтан бұл жер де туристер үшін әрдайым ашық болуы керек деп ойлаймын. Әрине, біз негізгі телескоптарға барлық туристі кіргізіп жібере салмауымыз керек, бірақ басқа телескоптар орнатып олардың қызығушылығын арттыруға болады. Ол үшін әрине, ең әуелі қонақүйлер салынып, барлық қажетті инфрақұрылым мәселесін пысықтауымыз қажет,- дейді министр өз жазбасында.

Жалпы, бұл жолғы сапары қатты әсер қалдырып, шабыттандырғанын және ойландырғанында жасырмады. Әлемге мақтанып көрсететін жерлеріміз өте көп, бізді әлемге танытатын дүниелеріміз жетіп артылады. Тек солардың барлығын қонақтарға жүйелеп, көркемдеп ұсынуымыз керек. Біз солай ғана өзіміздің көз тоймас көрікті мекендерімізді әлемнің туристік карталарына енгізе аламыз,-деп аяқтайды сапардан алған әсерін Дәурен Абаев.


Фото: дереккөз
Загрузка...