Бас жаңалықтар
Дәулет Ниязбеков Қазақстанның 8 дүркін чемпионы
21 Қараша 2020, 20:38 119

Дәулет Ниязбеков Қазақстанның 8 дүркін чемпионы

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Еркін күрестен Дәулет Ниязбеков Қазақстанның 8 дүркін чемпионы атанды. Бұл туралы ҚазАқпарат ХАА хабарлады.

Естеріңізге сала кетелік, кеше күрес түрлерінен ел біріншілігі басталды. Жарыстың алғашқы күні, 57, 61, 86 салмақта чемпиондар анықталды. 

Бүгін, 65, 70 және 97 келіге дейінгі салмақтағы балуандар боз кілемге шықты. Қызылорда облысының атынан сынға түскен Дәулет Ниязбеков 65 келіде қарсылас шақ келтірген жоқ. Ол финалда қарағандылық Әділ Оспановты жеңді. Осылайша Дәулет еліміздің 8 дүркін чемпионы атанды. 

Қола жүлде жамбылдық Нұрсұлтан Садық пен Шығыс Қазақстаннан келген Олжас Олжақановқа бұйырды. 

Атыраулық Талғат Сырбаз 70 келі салмақта ел чемпионы болды, екінші орынды шымкенттік Нұржан Сейітжан алса, үшінші орын Алматы облысының балуаны Е.Тәңірбергенов пен Солтүстік Қазақстаннан келген С.Бейсаловқа бұйырды. 

Ал 97 келіде жамбылдық Әлішер Ерғали алтыннан алқа тақса, күміс жүлде қарағандылық Серік Бахытхановқа бұйырды. Үздік үштікті Алматы облысының балуаны Абылай Совет пен қызылордалық Бекзат Тәжі түйіндеді. 

Енді еркін күрес шеберлері 22 қарашада 74, 79, 92, 125 келі салмақта сынға түседі. 

Ал әйелдер күресінен 23 қарашада 10 қарашада жүлделер сарапқа салынса, грек-рим күресінің шеберлері 24-26 қараша аралығында тоғыз салмақта жүлдеге таласады.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...