Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VІІ съезінің өтетін күні айтылды

18 Қыркүйек 2019, 14:03
2748
Бөлісу:
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері VІІ съезінің өтетін күні айтылды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Елордада ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаеваның төрағалығымен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХVІІІ отырысы өтті.

Жиында Қазақстан Республикасының Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі, Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері Съезінің мақсаттары мен міндеттерін ілгерілету жөніндегі уәкілі Марат Әзілханов сөз сөйледі. Ол Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VІІ съезі тақырыбы мен өтетін күні жайлы айтты. 

«Қазіргі әлемдегі діни лидерлер мен қауымдастықтардың әлеуметтік жауапкершілігі» - қарауға алынатын тақырыптардың бірі. Басқа да жақсы атаулар пайда болуы мүмкін. Сондықтан жұмыс тобы келесі жылдың 1-наурызына дейін басты тақырыпты таңдау бойынша жұмысты жалғастыруды ұсынады. Бұған қоса, жұмыс тобының мүшелері съез датасы ретінде 2021 жылдың 15-16 маусымын ұсынады», - деді Марат Әзілханов.

Қатысушылардың көбі бұл ұсыныстарға қолдау білдірді. Сонымен қатар, 2020 жылдың 3 маусымында Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі хатшылығының ХІХ отырысын өткізуге келісті. 

Ал бүгін съез хатшылығының XVIII отырысының хаттамасы қабылданды. Шара соңында Дариға Назарбаева қатысушылардың барлығына алғысын білдіріп, жиынның табысты өткенін атап өтті.

Бұған дейін Сенат төрағасы «Әлемдік конфессия басшыларының Еуразия кіндігінде кездесуі дәстүрге айналды» және «Әлемдік діндер съезі адамдарды сыйластық рухына тәрбиелеуге үлес қосты» деген еді. Сондай-ақ, христиандар үшін қауіпті елдер аталған болатын.

Өзгелердің жаңалығы