Дарынды жастарға қолайлы орта қалыптастырамыз – Алматы әкімі

14 Желтоқсан 2019, 14:11
12950
Бөлісу:
Дарынды жастарға қолайлы орта қалыптастырамыз – Алматы әкімі

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Бақытжан Сағынтаев жұмыс істейтін жастарға пәтер кілтін табыстау кезінде айтты.

Жиын барысында ол, қалада дарынды жастардың басын біріктіріп, идеяларын, бастамаларын дамыта түсетін IT технопаркі салынып жатқанын айтты.

Алматыда 39 университет бар, онда 170 мыңдай студент оқиды. Студенттердің көбі өзге облыстардан келген, оқу бітірген соң жартысы Алматыда қалуды ұйғарады. Біз дарынды жастарға қолайлы орта жасауды көздеп отырмыз. Қазір IT технопаркін құруды қолға алдық. Ол қаладағы Есентай Молл сауда-саттық орталығына қарама-қарсы бетте салынып жатыр. Оны тұрғызуға жеке инвесторлар тартылуда. Технопаркте дарынды, шығармашыл жастардың ортасы қалыптасса дейміз. Ол инновациялық орталық болады, ғылыммен айналысатындар қазіргі заманда өз орнын, өз ортасын табу керек. Орталықта білім беру, денсаулық сақтау, қызметтер, туризм және басқа да салаларды дамытуға көңіл бөлінеді, - деді қала әкімі. 

Сонымен қатар, ол Алматы жастар қаласы болғанымен, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі де жоғары екенін жеткізді.

Қазір қалада тек сауда орталықтары көбейіп, жастардың көпшілігі саудада жүр. Егер білім алған жастар өз мамандығымен жұмыс істейтін болса, мемлекетке де үлесін қосар еді. Көптеген жастар өздерінің ұнатқан мамандығы бойынша білім алып шыққанымен, жұмыс таба алмайды. Оған жастардың еш кінәсі жоқ. Ендігі біздің мақсатымыз – ЖОО-лар қандай мамандықтарды дайындайды, сол бойынша жұмыс орындарын дайындау болып отыр. Қазір ол жұмыс орындарын дайындап бере алмай отырмыз, - деді ол. 

Айта кетсек, бүгін Алматы әкімі қалада жұмыс істейтін 249 жасқа пәтер кілтін табыстаған еді.

Өзгелердің жаңалығы