Дария Ахметвалиева: Полициядағы қызмет - біреуге міндет, біреуге бала күнгі арман

18 Маусым 2019, 09:15
6972
Бөлісу:
Дария Ахметвалиева: Полициядағы қызмет - біреуге міндет, біреуге бала күнгі арман
Фото: автордан

Шығыс Қазақстан облысы, BAQ.KZ тілшісі. Ішкі істер органдарындағы қызметтің қызығы мен шыжығына шыдаған нәзік жандылар арамызда аз емес. Солардың бірі Өскемен Полиция басқармасы Ертіс полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі аға инспекторы, полиция майоры Дария Ахметвалиева. Құқық қорғау саласында жұмыс істегеніне 10 жылдың жүзі болса да қызметін қалтықсыз өтеп келе жатқан ару көңілін өз отбасынан гөрі өзгенің өміріне көп арнайтынын айтады.

Бүгінде ұл және қыз тәрбиелеп отырған ол жақын адамдарының өзін түсініп, қолдан келер көмегін аямайтынын айтады. Түнгі рейдке бірге шығатын жолдасына, балаларын бағып-қағып отырған анасына алғысы шексіз екенін білдірген ол күнделікті қызметіне алаңсыз кететінін алға тартты.

 BAQ.KZ: Дария Ержанқызы сіздің осы салаға келуіңізге не себеп болды?

Дария Ахметвалиева. Полицияға кез-келген адам жұмысқа кіре алғанымен, онда жұмыс істеу екінің бірінің қолынан келе бермейтіні анық. Біреу үшін ол міндет болса, енді біреуге бала күнгі арман. Мен осының екіншісіне жатамын. Бала күнімнен полиция формасын киюді армандайтынмын, форма киген әйел-азаматшаларды көрсем қызығатынмын. Отбасымызда полиция қызметкері болмаса да құқық қорғау саласына жақын адамдарымыз көп. Әжем судья болса, нағашы ағам қаржы полициясында қызмет етті. Басқа туған-туыстарымыз кілең адвокаттар. Міне осы себепті бала күнгі арманыма алғаш рет 19 жасымда аяқ бастым. Семей қаласындағы гумманитарлық-экономикалық колледжді тәмамдаған соң жоғары білім алу мақсатында облыс орталығына келген болатынмын. Осы жерде ішкі істер органдарына қабылдау жүріп жатқанын естіген соң бірден полиция басқармасына тарттым. 2008 жылдың тамыз айы болатын. Конкурстан, содан кейін медициналық комиссиядан да еш кедергісіз өтіп 2019 жылдың қаңтар айында осы жұмысқа тағайындалдым.

Дария Ахметвалиева: Полициядағы қызмет - біреуге міндет, біреуге бала күнгі арман

 BAQ.KZ: Ювеналды полицияның ішкі істер органдарының басқа қызмет түрлерінен айырмашылығы бар ма?

Дария Ахметвалиева. Көпшілік бізді балалармен ғана жұмыс істейтін полиция қызметкерлері ретінде таниды. Алайда қызмет құзіретіміз әлдеқайда ауқымды. Біз тәртібі нашар жасөспірімдердің ата-аналарымен, олардың отбасындағы басқа мүшелерімен жұмыс істейміз. Өйткені қай баланың болмасын тәрбиесі бірінші кезекте отбасына байланысты. Олардың тұрмыс жағдайларын саралап, керекті көмек көрсетеміз. Сондай-ақ жасөспірімдерді қалыпты өмірге бейімдейтін орталықтармен, балалар үйлерімен тығыз байланыста жұмыс істейміз. Неге дейсіз бе? Өйткені тұрмыстық қиын жағдайда қалған балаларды қайда апарарымызды білмеген кездері нақты осындай орталықтар мен балалар үйлері таптырмайтын көмекшіге айналады.

 BAQ.KZ: Басты мақсаттарыңыз қандай?

Дария Ахметвалиева. Біздің басты мақсатымыз – қоғамға қарсы іс-әрекеттердің бой көрсетуіне әу бастан балта шабу. Көпшілік форма киіп жүргенімізге қарап бізді жазалаушылар сияқты көретіні рас. Дегенмен біз жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын жазалауға емес, көмек көрсетуге барамыз. Кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғап, профилактикалық жұмыстар жүргіземіз. Профилактикалық жұмыстарды жүргізу кезінде өз қызметімізбен қатар заңгердің, педагогтың, кей кездері психолог маманның қызметін қатар атқаруға тура келіп жатады. Осы себепті қаламыздағы әр орта мектепте бір-бірден мектеп инспекторлары бекітілген. Біз оларға барып оқушылармен тікелей кездесіп түрлі дәрістер оқып, әңгімеге тартамыз, ата-аналар жиналысында заңнамалық актілерді түсіндіріп, кеңестер береміз. Осындай жұмыстардың арқасында жасөспірімдердің құқықтық білімдері жыл санап артып келеді.

 BAQ.KZ: Жасөспірімдер арасында қандай заңбұзушылық түрлері жиі орын алады?

Дария Ахметвалиева. Жасөспірімдер арасында жиі кездесетін қылмыс түрлері бұзақылық, алаяқтық пен тонаушылық іс-әрекеттер. Арасында ұрлық әрекеттері де бой көрсетіп жатады.

 BAQ.KZ: Қылмыс орын алған уақытта ювеналды полиция қызметкерлері қалай әрекет етеді?

Дария Ахметвалиева. Біз жасөспірімге қатысты іс қозғалған уақытта оның сотқа дейінгі тергеп-тексеру жұмыстарын толықтай алып жүріп, тергеу органдарына жасөспірім туралы барлық ақпаратты беріп отырамыз. Қылмысқа баратындардың көпшілігі жағдайы төмен ортада тәрбиеленіп жатқан жасөспірімдер. Кейбір кездері олардың шынымен де отбасы жағдайында қиыншылық көріп, өзін-өзі асырау мақсатында қылмысқа барып жататыны өтірік емес.

 BAQ.KZ: Қызметіңіз барысында стандартты емес жағдайлардың орын алған кездері болды ма?

Дария Ахметвалиева. Әрине болды! 10 жылдық қызметімде ерекше бір жағдай орын алғаны рас. Қызметіме жаңа кірісіп жатқан кез болатын. Өзіме бөлінген әкімшілік аумақты инспекциялап жүрген едім. Сол кезде қолындағы төрт қызына қарамай, ішімдікке салынған бір азаматшаны тіркеуге алдым. Сегіз ай бойы жүргізілген профилактикалық жұмыстарға қарамастан әйел адам өзін-өзі өзгертуге талпынбады. Амалсыздан материалды сотқа жіберіп, оны ата-аналық құқығынан айырудан басқа амал қалмады. Сот шешімі шығып, әйелдің балалары жетімдер үйіне жіберілген сәтте ол өмірді таразылап, баланың арақтан қымбат екенін түсінді. Бір ай өтер-өтпесте маған қоңырау шалып көмек көрсетуімді өтінген соң оған ата-аналық құқықты қайтару жайын түсіндіріп, көмек көрсеттім. Содан бері бұл отбасымен арадағы байланыс үзіліп көрген емес. Мені көрген сайын балалары құшақтап қарсы алады. Бұл сөзбен айтып жеткізуге келмейтін ерекше сезім. Бір сөзбен айтқанда мен олардың жақын адамдарының біріндей болып кеттім.

 BAQ.KZ: Адамдарды ата-аналық құқығынан айыру қаншалықты қиын?

Дария Ахметвалиева. Өзім ана болғандықтан бұл жайды жақсы түсінемін. Ата-ана қандай болмасын сәби үшін ерекше екені белгілі. Мейлі ол ішімдікке, я болмаса нашақорлыққа салынса да сәби үшін анадан, әкеден артық ешкім жоқ. Ананы баладан, баланы анадан айыру өте қиын психологиялық сәт. Бірақ кей кездері балалар үйі жас жеткіншек үшін өмірдің берген мүмкіндігі болатыны рас. Психологиялық жағынан ауыр болса да баланың әрі қарайғы өмірін жақсарту үшін оны ата-анасынан айыруға мәжбүр болып жатамыз. Кей кездері баланың өмір мен өлім арасындағы арпалысын да көреміз. Мұндай жағдайда біз сөзге келместен оның әке-шешесін ата-аналық құқығынан айыруға қажетті материалдарды жинай бастаймыз.

 BAQ.KZ: Ата-анаға түзелуге мүмкіндік бересіздер ме?

Дария Ахметвалиева. Онсыз болмайды. Әр адамға мүмкіндік берілуі керек. Отбасыны тіркеуге қойған соң біз олармен жылға таяу уақыт жұмыс істейміз. Олардың жанұясын тексеру кезінде әкесі немесе анасы ішімдік ішіп жүрсе Әкімшіліқ құқық бұзушылық туралы кодексінің «Ата-ананың немесе басқа да заңды өкiлдердiң балаларды тәрбиелеу жөнiндегi мiндеттердi орындамауы» бабы бойынша іс қозғаймыз. Бұдан кейін бұл отбасының ісі әкімдік жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясында қаралады. Ол жерде комиссия құрамындағылар жағдайды мұқият зерделеп, қажетті көмек түрлерін көрсету бойынша кеңестерін береді. Егер осындай көмектен кейін ересектер жөнге келмесе жеті айдан соң олардың ісін комиссия қайта қарап, материалды сотқа жолдайды. Сондықтан бұл үрдіс көпшілік ойлағандай бір сәттік жұмыс емес.

 BAQ.KZ: Сіздерге тұрмыс жағдайы нашар отбасыларды анықтауға кімдер көмектеседі?

Дария Ахметвалиева. Әрбір инспектор өзіне бөлінген аумақты аралап, тұрғындармен кездеседі. Бұдан бөлек, бізге мектеп әкімшіліктері, тұрғындардың өздері, медицина мекемелерінің қызметкерлері хабар береді. Біз ол отбасын тексеріп, қажет болса кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясында қаратамыз. Ол жерде ата-анаға заң талаптары түсіндіріліп, ескертулер жасалады. Әрине тіркеуге бірден қоймаймыз. Егер ата-анасы ішімдік ішсе, балаларына дұрыс қарамаса, көршілерінен арыз түссе, үй ішінде антисанитариялық жағдай орнаса отбасыны тіркеуге қою мәселесі қаралуы мүмкін.

 BAQ.KZ: Отбасылық өмір мен жұмысыңызды саралап «осы жұмысқа неге келдім екен?» деп өкінген кездеріңіз болды ма?

Дария Ахметвалиева. Жоқ, болған емес. Өйткені осы жұмысымды жан тәніммен жақсы көремін. Отбасым қарсылық танытып көрген жоқ. Тіпті ұлым өзімен құрдас достарына «анам полиция қызметкері» деп мені мақтаныш ететін көрінеді. Күйеуім ішкі істер органдары қызметіне жуық адам болмаса да мені жақсы түсінеді. Жоспар бойынша біздің түнгі рейдіміз сағат 23.00-ден кейін басталады. Өзімізге бөлінген аумақты аралап, жасөспірімдердің үйлерінде отырып-отырмағандығын тексереміз. Міне осы кезде жолдасым менімен бірге түнгі рейдке бірге шығып, жанымда жүреді. Өз отбасымнан гөрі өзгенің өміріне көбірек алаңдайтын менің балаларымды бағып-қағып отырған анама да алғысым шексіз. Менің таңдаған кәсібіме жақын адамдарым қабақ шытып көрген емес. Осыдан болар, қызметімді кіші лейтенант болып бастаған менің араға 10 жыл салып майор дәрежесіне жетуім.

 BAQ.KZ: Сұқбатыңызға рахмет!
Өзгелердің жаңалығы