Бас жаңалықтар
Дариға Назарбаева жер қойнауын пайдалануға қатысты мәселелерді көтерді
22 Қыркүйек 2021, 13:22 782

Дариға Назарбаева жер қойнауын пайдалануға қатысты мәселелерді көтерді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін өткен Парламенттің жалпы отырысында депутат Дариға Назарбаева Үкімет басшысы Асқар Маминнің атына депутаттық сауал жолдады. Ол жер қойнауын пайдалану саласындағы проблемалардың шешімін таппай келе жатқаны туралы мәселе көтерді.

Депутаттың айтуынша, басты мәселелердің қатарында салада қабылданатын шешімдерде ашықтық пен жоғары сапалы геологиялық ақпараттың болмауы бар.

Сізден саланың дамуына ғана емес, жалпы ел экономикасына үлкен залал келтіретін басқа да бірқатар проблемаға назар аударуыңызды сұраймын. Ескірген нормативтік-техникалық құжаттарға негізделген жобалық құжаттаманы келісудің тәртібі ұзақ. Мысалы, барлау жұмыстары басталғанға дейін жер қойнауын пайдаланушының құжаттары 6 ай бойы мемлекеттік органдарда келісуде жатуы мүмкін. Сынамалық пайдалану жоба 9 айдан 1,5 (бір жарым) жылға дейін созылатын 3 мемлекеттік сараптамадан (экологиялық сараптама, жер қойнауының мемсараптамасы, сынамалық пайдалану жобасының мемсараптамасы) өткеннен кейін ғана мүмкін болады, - деді депутат.

Сондай-ақ кен орнын игеру жобасы үшін де дәл осындай сараптамалар талап етіледі. Бұдан кейін барлау мен сынамалық пайдалануға қаражат салған компания оны одан әрі игеруге рұқсат алады деген сөз емес.

Соңында, ең қолайлы нәтиже болған жағдайда да, әлеуетті инвесторлар лицензиялау рәсімдерінен өту үшін 2-ден 3 жылға дейін жоғалтады және бұл жерде жобаларда болуы мүмкін өзгерістер мен толықтырулар ескерілмейді. Сараптамалардан өту мерзімдерінің ұзаққа созылуы белгілі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне алып келеді, - деді Дариға Назарбаева.

Халықаралық тәжірибеден мысал келтірген депутат, мәселен, АҚШ пен Біріккен Араб Әмірліктерінде кен орындарын барлауға және игеруге өтінімдерді қарау мерзімі орта есеппен 3 айдан 6 айға дейін деп отыр.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...