Дариға Назарбаева президент сайлауы жөнінде әріптестеріне үндеу жасады

11 Сәуір 2019, 10:22
3017
Бөлісу:
Дариға Назарбаева президент сайлауы жөнінде әріптестеріне үндеу жасады

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева 2019 жылы 9 маусымда өтетін кезектен тыс президент сайлауына қатысты әріптестеріне үндеу жасады.

«Бұл шешімнің өз уақытында және орынды қабылданып отырғанына сенімдімін. Президент жарлығы қоғамда туындап отырған көптеген сұраққа жауап береді. Қазақстандықтар үшін ең қымбат құндылық – бейбітшілік пен тыныштық, экономикалық тұрақтылық аса қажет. Сондықтан Қазақстан қоғамы Елбасының стратегиялық бағытымен сабақтастығын заңды түрде қамтамасыз етуді күтуде. Тәуелсіздік жылдары қазақстандық даму моделі өзінің өміршеңдігі мен кеңдігін толық дәлелдегені бәрімізге мәлім. Біз барша әлемге экономикалық өсудің, әлеуметтік тұрақтылықтың ұлтаралық келісімнің айнымас үлгісін кеңінен таныта білдік», - деп айтты Назарбаева Парламент Сенатының жалпы отырысында. 

Ол алдағы сайлау Қазақстан халқының даналығы мен көрегендігін тағы да дәлелдейтіні айқын екенін айтты. 

«Президенттік сайлау ел дамуына тың серпіліс, жаңа серпін беретіні сөзсіз. Президент жарлығы осы бағыттағы жұмыстарды қазірден бастап күрделі проблемаларды кейінге қалдырмай шұғыл шешуге мүмкіндік береді. Құрметті әріптестер, Конституциялық заңға сәйкес сайлау 2 ай мерзімі ішінде өткізілуі тиіс. Сайлау науқанын Қазақстан Республикасы заңнамасына сәйкес өткізуге көмектесу біздің абыройлы міндетіміз. Бұл орайда Қазақстан Республикасы Парламент Сенаты депутаттарының орны ерекше. Сіздердің жергілікті халықпен және мәслихат депутаттарымен тығыз байланыстарыңыз бар. Халықтың мүддесін қорғайсыздар, проблемаларын білесіздер. Сондықтан сайлау науқаны әрқайсыларыңыз үшін аса жауапты жұмыстар кезеңі. Құрметті депутаттар, азаматтардың өз еркін ашық білдіруі тәуелсіз Қазақстанның үлкен жеңістерінің бірі. Біздің ортақ міндетіміз – Қазақстан Республикасы президенті сайлауын әділ әрі заңды, ашық өткізуді қамтамасыз ету», - деп сөзін түйіндеді Парламент Сенатының төрағасы.



Өзгелердің жаңалығы