Дәрі-дәрмектің бағасын халықтың бақылауы маңызды

31 Қазан 2020, 10:58
3333
Бөлісу:
Дәрі-дәрмектің бағасын халықтың бақылауы маңызды
Сұхбат

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, отандық нарықта шетелден импортталатын дәрілердің үлесі 88 процентті құрайды. Фармакологиялық зерттеулер жүргізу үшін елімізде тәжірибе жеткілікті, ғылыми база, білікті мамандар да бар. Сондықтан дәрі-дәрмек өндірісінің біртұтас жүйесін құру қажет екендігін атап өткен болатын. Отандық фармацевтика саласын дамытуға да аса ден қойды. Өйткені бұл - ұлт қауіпсіздігі мәселесімен тығыз байланысты. 

Осы ретте медицина саласына қатысты бірқатар мәселе аясында Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау ұлттық орталығы бас директорының орынбасары Баян Молдахметовамен сұхбат жүргізген едік. 

  - Баян Салыққызы, денсаулық сақтау саласындағы мәселелерді жолға қою бойынша Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды зерттеу ұлттық орталығы қандай рөл атқарады? 

Мемлекет басшысы Жолдауында Ұлт денсаулығы мәселесіне ерекше назар аударды. Бұл шаралар ең алдымен, еліміздің әрбір азаматының игілігіне бағытталған, өйткені ұлт саулығы мемлекеттің басты басымдықтарының бірі. Фармацевтикалық өндіріс қарқынды дамып келе жатқан жаһандық сала екені белгілі. Жыл сайын фармацевтика саласында жаңалықтар ашылады, ғылыми зерттеулер жарияланады, жаңа препараттар пайда болады. Біз әлемдік фармацевтика нарығының даму үрдістерін тұрақты негізде зерделейміз және қадағалаймыз, бұл осы салада болып жатқан өзгерістерді бақылауға және жедел іс-шара қабылдауға мүмкіндік береді. Біздің орталық дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар айналымы саласындағы мемлекеттік сараптама ұйымы саналады және өз қызметін «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» ҚР Кодексіне сәйкес жүзеге асырады. Бүгінгі таңда біздің басты міндетіміз - Қазақстан Республикасының аумағында сатылатын дәрілер мен медициналық бұйымдардың сапасы мен қауіпсіздігін бақылауды қамтамасыз ету. Былайша айтқанда, дәрілік препараттар мен медициналық бұйымдар қазақстандық дәріханалардың сөрелеріне түскенге дейін, біз оларға кешенді сараптама жүргіземіз, қауіпсіздікті, тиімділік пен сапаны, сондай-ақ белгіленген талаптарға сәйкестікті бағалаймыз. Тіркеуден кейінгі кезеңде, яғни дәрілік зат халыққа жеткізілген кезде – біздің орталық медициналық өнімнің қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Осы мониторинг барысында ДЗСҰО қандай да бір препаратты қабылдау кезінде туындауы мүмкін жағымсыз реакцияларды тіркейді, медициналық мекемелермен де, жұртшылықпен де консультациялық-түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Сонымен қатар, медициналық өнімнің сапасын бақылау ең ерте кезеңдерде басталады және біз дәрілік заттар айналымы саласының барлық қатысушыларымен: өндірушілер, дистрибьюторлар және дәріханалармен тығыз байланыста боламыз. 

  - Ұлттық орталықтың функциялары мен міндеттері туралы айтып өтсеңіз. 

- Біріншіден, біз Қазақстан Республикасында мемлекеттік тіркеу кезінде дәрілік заттарға, медициналық мақсаттағы бұйымдарға сараптама жүргіземіз. Екіншіден, Қазақстан Республикасында тіркелген медициналық өнімдердің қауіпсіздігі мен сапасын бағалауды жүзеге асырамыз. Орталықтың сарапшылары дәрілік заттарға клиникаға дейінгі зерттеулерге қатысады, сондай-ақ клиникалық зерттеулердің материалдарын тексереді. Сонымен қатар, біздің орталық дәрі-дәрмектерді өндіру жағдайларын бағалауды, медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулықтың мемлекеттік тілге аудармасының, фармацевтикалық және медициналық құжаттаманың қаптама макеттерінің түпнұсқалылығын тексеруді жүзеге асырады. 

Жыл сайын Ұлттық орталыққа дәрілік заттардың сараптамасына 5 мыңнан астам өтініш келіп түседі. Жан-жақты сараптамадан өткеннен кейін дәрілік зат немесе медициналық бұйым мемлекеттік тізілімге енеді. Дәрі-дәрмектердің жанама әсерлерінің мониторингі және дәрілердің пайда-қауп арақатынасын жыл сайын бағалау да Орталықтың маңызды қызметі болып табылады. Тіркеуден кейінгі кезеңде дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың қауіпсіздігі мен сапасына бағалау жүргізуге жыл сайын 3 мыңнан астам өтініш келіп түседі. Осылайша, Орталықтың бүкіл өндірістік циклі Қазақстан нарығын сапалы, тиімді, ең бастысы қауіпсіз дәрілік препараттармен қамтамасыз етуге негізделген. 

- ДЗСҰО-ғы қызметінің бағыттарының бірі дәрілік заттардың жағымсыз реакциясына мониторинг жүргізу дедіңіз. Белгілі бір препаратқа жағымсыз реакциялар анықталған жағдайда азаматтар қайда жүгіне алады? 

- Фармакологиялық қадағалау дәрілік заттарға мониторинг жүргізу арқылы жүзеге асырылады. Аталған жұмыс Қазақстанда 10 жылдан астам уақыт бойы жүргізілуде. 2008 жылдан бастап Қазақстан Республикасы дәрілік препараттардың жанама әсерлеріне мониторинг жүргізу жөніндегі Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДСҰ) жаһандық бағдарламасының толық құқықты мүшесі және біздің еліміз бойынша деректерді осы ұйымға жібереді. Қазақстанда ДЗСҰО дәрілік заттарға фармакологиялық бақылау жүргізу бойынша жалғыз уәкілетті ұйым болып табылады. Біз отандық нарықта сатылатын препараттар мен бұйымдардың қауіпсіздігіне мониторинг жасаймыз және дәріханаларда сатылатын препараттардың пайда-қауіп ара қатынасын тұрақты түрде бағалаймыз. Егер де пациент емді көрсетілімдер мен дәрігердің тағайындауы бойынша қабылдайтын болса, бірақ қандай да бір препаратты немесе медициналық бұйымды қолданудың жағымсыз әсерін байқаса, емдеуші дәрігермен бірге біздің Орталықтың сайтында орналасқан электрондық карта-хабарламаны толтырып, жібереді. Келіп түскен деректер талдаудан өткеннен кейін уәкілетті органға шешім қабылдауға жіберіледі. Ұсынылған ақпарат пен жүргізілген сараптама негізінде уәкілетті орган препаратты қолдануға тыйым салу, айналымнан алу, серияларды (партияларды) тоқтата тұру және тағы да басқа реттеуші шаралар мен шешімдер қабылдайды. 

  Өзіңізге белгілі коронавирус пандемиясының бірінші толқынында дәріханаларда дәрі тапшылығы болды. Кейбір дәріханалар осындай жағдайды пайдаланып дәрі-дәрмек бағасын едәуір көтеріп сатып жатты. Осы тұрғыда орталық тарапынан қандай іс-шара жүргізілді? Қазақстанда дәрі-дәрмектің шекті бағасы қалай қалыптасады? 

  - Бүгінгі таңда шамамен 6,5 мың дәрілік зат атауының шекті бағалары бекітілген. Дәрінің шекті бағасы дегеніміз – бұл дәрі-дәрмекті бөлшек және көтерме саудада бұл бағадан жоғары сатуға болмайтын уәкілетті орган бекіткен баға. Алайда, дистрибьюторлар мен дәріханалар дәрі-дәрмекті шекті құнынан төмен бағада сатуға құқығы бар. Шекті баға жылына екі рет белгіленеді. Шекті бағалар туралы мәліметтер біздің сайтта (www.ndda.kz ) «Бағалар тізілімі» бөлімінде орналастырылған. Дәрілік заттарды белгіленген шекті бағадан қымбат сату әрекеті үшін әкімшілік жауапкершілік көзделген. 

Дәрі-дәрмектің бағасын әрине, халықтың бақылауы маңызды. Атап айтсақ, қазақстандықтар Ұлттық орталықтың «DariKz» мобильді қосымшасының көмегімен дәріханалардағы дәрі-дәрмектің құнын өз бетінше тексере алады. Ал бағалардан алшақтық анықталған жағдайда қосымшадағы арнайы парақшаны толтырып, шағым қалдыру мүмкіндігі бар. Түскен шағымдарды әрбір аймақтағы Тауарлар мен қызметтер сапасын бақылау департаменттеріне тікелей алады және ары қарай шара қолданады. 

  -  Азаматтардың арасында дәрі-дәрмектерді қолдану мәдениеті дамып келе жатыр деп айтуға болады. Ауырып қалсақ көбінесе дәрігерлерге жүгінеміз және дәріханаларда дәрі-дәрмек сатып алу кезінде фармацевттермен кеңесеміз. Алайда, «жеңіл» аурулар кезінде дереу антибиотик ішу әдеті қалыптасқан. Біздің оқырмандарға бірнеше кеңес берсеңіз: дәрі сатып алу кезінде не нәрсеге назар аудару керек? Препараттың қандай да бір дертке ем болатынын қалай түсінуге болады? 

  -  Бүгінгі таңда өз бетімен емделу және дәрі-дәрмектерді бақылаусыз қолдану мәселесі өте өткір тұр, өйткені біз ақпараттың көп бөлігін жарнама мен теледидардан аламыз. Кейбіреулер интернет арқылы емдік тағайындау алып жатады, дәрігерге уақыт тапшылығының салдарынан аз жүгінеді. Алайда, өзін-өзі емдеу, дәрі-дәрмекті бақылаусыз, бір-біріне сәйкес келмейтін бірнеше дәрі-дәрмектерді бір уақытта қолдану жағымсыз реакциялардың пайда болуына немесе дәрі-дәрмектердің әсерін әлсіретуге әкеледі. Көбінесе жағымсыз реакция аллергия түрінде кездеседі. Ал антибиотикті тек дәрігердің нұсқауымен қабылдау керек, онда да негіз болған жағдайда. Мәселен, суық тисе, ЖРВИ немесе тұмауға шалдыққан науқасқа антибиотиктің қажеті жоқ. Антибиотикті оңды-солды қолдану салдарынан   ағзадағы ауру тудыратын микроорганизмдер препаратқа үйреніп алуы мүмкін, яғни адамға дәрі әсер етпей қалады. Ал антибиотикке төзімді бактериялардың тез дамуы емделуі қиын инфекциялар санының өсуіне әсер етеді. Қандай да бір дәрі-дәрмекті тағайындау кезінде дәрігер препарат не үшін арналған, бұл дәрі ағзаға және психикаға қалай әсер етеді, қауіп факторлары, артықшылықтары және мүмкін болатын жағымсыз реакциялар; препаратты қабылдау патологиялық әдетке айналуы мүмкін бе; ол басқа дәрі-дәрмектермен, тамақпен, алкогольмен қалай әрекеттеседі; препарат жүкті әйелдерге зиянды ма; дәрі-дәрмекті қалай қабылдауға болады (қашан, қаншалықты жиі, тамақтанар алдында немесе кейін); оны қайда сақтау керек туралы түсіндіріп береді. Егер дәрі қабылдау кезінде сіз үшін күтпеген белгілер пайда болса, қабылдауды тоқтатып, дереу дәрігерге қаралыңыз. Қабылдап жүрген дәрі біреуге пайдалы, ал басқаға зиянды болуы мүмкін, сондықтан оны достарыңыз бен отбасы мүшелеріне ұсынуға болмайды. 

-  Әңгімеңізге көп рахмет!
         


Өзгелердің жаңалығы