Дания билігі елдегі күзендерді қыра бастады

6 Қараша 2020, 11:23
2662
Бөлісу:
Дания билігі елдегі күзендерді қыра бастады

 

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Мұндай шешімнен соң шамамен 17 миллион күзен қырылмақ, деп жазады ru.euronews.com.

Коронавирус мутациясына алаңдаған Дания билігі елдегі барлық күзенді жоюға шешім қабылдады. Мұндай шешімнен соң шамамен 17 миллион күзен қырылмақ. Дания үкіметінің тиісті шешімі туралы премьер-министр Метте Фредериксен хабарлады, оның айтуынша, вирус күзендер арасында мутацияға ұшырап, адамға жұққан.

Данияның Денсаулық сақтау органдарының мәліметінше, Sars-CoV-2 коронавирусының мутацияланған нұсқасы Солтүстік Ютландтағы он екі адамнан табылған. Бұл мутация болашақ вакцинаның әсерін нашарлатып, Данияның басқа аймақтарына ғана емес, бүкіл Еуропаға таралу қаупін арттыруы мүмкін.

Дания – әлемдегі ең ірі күзен терісін өндіруші ел. Қазіргі уақытта елде мыңнан астам асыл тұқымды шаруашылық бар. Дания билігінің мәліметінше, коронавирус індеті 200-ден астам фермада анықталған. Олардың үштен бірінде терісі бағалы аңдардың басы толығымен жойылды. Күзен өндірушілерге өтемақы төленеді.

Маусым айында Нидерландыда инфекция басталғаннан кейін, осы елдің билігі инфекциядан зардап шеккен фермалардағы барлық аңды жоюға бұйрық берген еді.

Өзгелердің жаңалығы