Бас жаңалықтар
Даниал Ахметов: Жас мамандар қатарын бір жарым есеге көбейту керек
01 Ақпан 2019, 10:09 1166

Даниал Ахметов: Жас мамандар қатарын бір жарым есеге көбейту керек

Өскемен, BAQ.KZ тілшісі. Медицина саласын құр статистикаға сүйенбей, жіті зерделеу қажет. Ол үшін тұрғындар арасында алдын алу жұмыстарын жүргізіп, дәрігер тапшылығын болдырмаудың арнайы бағдарламасын әзірлеу керек. Бұл жөнінде облыс әкімдігінің кезекті отырысында Шығыс Қазақстан өңірінің басшысы Даниал Ахметов мәлімдеді.

«Өңірдегі жалпы өлім көрсеткішін, сондай-ақ ана мен бала өлімі мәселесін жіті зерттеу қажет. Біз көбіне статистикаға сүйенеміз, бірақ бұл дәрігерлердің жұмысы. Дүниеге бала әкелуді ойлап жүрген болашақ аналармен жұмыс жүргізу керек. Өкінішке қарай, бірқатар азаматшалардың уақытылы дәрігер көмегіне жүгінбеуі салдарынан ана мен бала өлімі орын алған жағдайларымыз да жоқ емес. Осы себепті мұндай қайғылы жағдай орын алмас үшін оның алдын алған жөн», - деді облыс әкімі Даниал Ахметов отырыс барысында.

Биылғы жыл ел Президенті берген бірқатар тапсырмалардың бағытын белгілейтін кезең болуы керектігін алға тартқан өңір басшысы, тұрғындардың өмір сапасын анықтайтын білім мен медицина саласына көбірек көңіл аударуды ескертті.

«Бірінші кезекте медицина саласын қаржыландыру қажет. Әсіресе оның онкология, ана мен бала денсаулығы, қан айналымы жүйесі мен травматология сияқты төрт саласына ерекше көңіл аударған жөн. Өткен жылы біз медицина саласын жақсартуға 18,8 миллиард теңге қаржы бөлсек, биыл ол 23,4 миллиард теңгеге жетуі керек. Биыл 3,7 миллиард теңге қарастырық, қалған ақша бірінші жартыжылдықта қарастырылуы қажет», - деді өңір басшысы.

Адами капиталды ұлғайту бағытында ары қарай жұмыс істеп, өмірдегі бір рет білім алу қағидасын, өмір бойы оқу қағидасына алмастыру керектігін айтқан ол дәрігерлер мен медбикелерді Семей қаласындағы медициналық университет базасында қайта даярлау қажеттігін алға тартты.

«Шеберлік сағаттарын жүргізу тәжірибесін арттырып, жас мамандар қатарын бір жарым есеге көбейту керек. Бізде дәрігерлерді даярлауға бес жарым, интернатурасымен қоса алты жыл ғана уақыт кетеді. Ал батыс Еуропадағы әріптестеріміз болса білімдерін 15 жыл көлемінде жетілдіреді. Аталған кемшіліктің орнын толтыру үшін Денсаулық сақтау басқармасына кардиология, нейрохирургия институттарымен байланыс орнатып, Семей қалалық ауруханасында травматология бөлімшесін ашу жұмыстарын жалғастыруды тапсырамын. Бұдан бөлек Денсаулық сақтау басқармасы мен аудан, қала әкімдері бір ай көлемінде өз аумақтарындағы дәрігер тапшылығын жою бойынша арнайы бағдарлама жасап, оларды жалдамалы баспанамен қамтамасыз ету жағын қарастырыңыздар», - деп сөзін түйіндеді Даниал Кенжетайұлы.

Азамат ТЕМІРБЕКОВ

Сізден жаңалық