Даниал Ахметов: Жалпы өңірлік өнім 3,8 трлн теңгеге жетті

22 Қараша 2019, 14:30
6260
Бөлісу:
Даниал Ахметов: Жалпы өңірлік өнім 3,8 трлн теңгеге жетті
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың "Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі" атты Жолдауы аясында өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері бойынша Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметовтің баспасөз конференциясы өтті. 

Облыстың биылғы он айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші оң динамикасын көрсетіп отыр. Жалпы өңірлік өнімі 3,8 трлн теңгеге жеткен.

Елбасының халықтың әл ауқатын арттыру мақсатында жүктеген тапсырмаларын және мемлекет басшысының биылғы жолдауын басшылыққа ала отырып атқарылған жұмыстар халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға негізделді. Биылғы жылдың он айының қорытындысы әлеуметтік экономикалық дамуының оң динамикасын көрсетті. Өнеркәсіп өндірісінің көлемі 110%, ауыл шаруашылығы өнімдері 101%-ға өсті, - дейді облыс әкімі Даниал Ахметов. 
Сонымен қатар, облыс басшысы медицина саласындағы жетістіктерімен де бөлісті.

Тұрмыс сапасы деген не? Біз өмірдің сапасын медицина саласынан көре аламыз. Ауыл тұрғындары мен қала халқына жоғары деңгейде медицианлық қызмет көрсетілсе өңірдің сапасын байқауға болады. Облыста денсаулық сақтауды дамытудың кешенді жоспары бар. Үш жыл ішінде 1080 бірлік жаңа медициналық жабдық сатып алынды. Роботохирургия, политравма, ортопедия және офтальмохирургия орталықтары, сондай-ақ, Семейдегі жедел медициналық көмек ауруханасы негізінде гибридті операциялық зал ашылды. Алтай және Аягөз аудандарында II деңгейдегі инсульт орталықтары құрылды. Науқастарды ерте диагностикалау мен емдеуді жақсарту үшін облыстық онкология және хирургия орталығы құны 1,4 млрд теңге болатын соңғы үлгідегі бірегей МРТ 3,0 Тесла жабдығымен жабдықталды, - деп мәлімдеді аймақ басшысы.

Дәрігерлерді даярлаудың үш деңгейлі бағдарламасын жүзеге асыру жалғасуда. Үш жыл ішінде 5511 дәрігер оқытылды, оның ішінде 276 маман әлемнің жетекші клиникаларында біліктілігін арттырған.

Тиімді шағын және орта бизнес – облыс дамуының негізі. Шығыс Қазақстан субсидияланған бизнес жобаларының саны бойынша көш бастап тұр. Жалпы сомасы 9,5 млрд теңгеге 128 жоба субсидияланды. Негізгі екпін әлеуметтік саясаттың міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған, - деп баса айтып өтті Даниал Ахметов.


Әкімнің сөзіне сүйенсек, көпбалалы аз қамтылған отбасыларды қолдау шараларының кешенді бағдарламасы іске асырылды. Аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан 33 583 бала тегін ыстық тамақпен және мектеп формасымен қамтамасыз етілген. 

3,5 мың бала балабақшаларға тегін барады. Және де 4200 түлек колледждердің және жоғары оқу орындарының грантына ие болған. 388 отбасы немесе көпбалалы отбасылар санатынан кезекте тұрған, бірінші кезекте ауылдық жерлерде тұратын 23% жеке тұрғын үймен қамтамасыз етілген. Алдағы үш жылда аталмыш санаттағы отбасылар толықтай баспанамен қамтамасыз етіледі, - деді әкім.

Өзгелердің жаңалығы