Дана Нұржігіт: Ғалымдар, дәрігерлер ұлттың ұстазы ретінде TikTok-тың қаһарманы болуы керек

5 Қараша 2021, 15:49
1465
Бөлісу:
Дана Нұржігіт: Ғалымдар, дәрігерлер ұлттың ұстазы ретінде TikTok-тың қаһарманы болуы керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы Qazforum қазақ тілінде онлайн-контент жасаушылардың V форумында сенатор Дана Нұржігіт айтты.

Бүгінгі заманның контентімен жұмыс істейтіндерді бүгінгі күннің кейіпкерлері, қаһармандары десек те болады. Телевизияда 20-25 жылдан астам уақыт жұмыс істеген маман ретінде айтарымыз, сол жерде жүріп, рейтинг мәселесімен қатты күрестік. Салмағы бар, салиқалы сөз айтатын бағдарламаның барлығы рейтинг уақытын бермейді, цифрлар бермейді деп түсіретін. Қазір оны қанша айтсақ та, тоқпақтасақ та шешілмейтін мәселе сияқты, – деді ол.

Сенатор оны Парламентте де көтеріп жүргенін айтты.

Қазір «TikTok» деген керемет қару табылып отыр. Өзім жұмыс істеген «Дара жол» бағдарламасында археологтар, ғалымдар, дәрігерлер де болды. Менің ойымша, олар ұлттың ұстазы ретінде TikTok-тың қаһарманы болуы керек. Сіздер сол кісілерді нарыққа керекті рухани әлемнің кейіпкерлері ретінде шығаруларыңыз қажет. Қазақ тілінде. Қазақ тілінде болмаса, онда субтитрмен шетелге танытатын сіздер. Ендігі қару телевизия ғана емес, ол TikTok және продюсерлер, – деп атап өтті Дана Нұржігіт форумда.

Ол өз сөзінде түрлі салада қызмет етіп жүрген ғалымдарды насихаттау керегін айтты.

Мойынды Entertainment-тен былай қарай бұрып, салиқалы дүниеге қазақ болуды, сапалы қазақ болуды сән, үлгі етіп жасауларыңыз керек, – деп ұсынды Дана Нұржігіт форум спикерлеріне.

Өзгелердің жаңалығы