Бас жаңалықтар
Дамир Ақас: Тау мидағы жаңа нейрондарды оятады
16 Желтоқсан 2019, 10:43 594

Дамир Ақас: Тау мидағы жаңа нейрондарды оятады

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Іле Алатауының баурайында орналасқан "Ski Park Pioneer" демалыс орталығы аутизм, сал, даун синдромы сынды ауруларына шалдыққан балаларды тау шаңғысында сырғанау арқылы емдейді.

Дамир Ақас осы орталықта нұсқаушы болып жұмыс жасайды. Бала мен бала болып ойнап жүрген Дамир бізбен сөйлесуге әзер уақыт тапты. Себебі ол үшін әр баланың көңіл күйі, қуанышы, пікірі ең маңызды.

Мен бұл жерде физикалық тұрғыдан дұрыс дамымаған балалармен жұмыс жасаймын. Дамуы төмен балаларды тауға алып шыққанда оларға ауадағы қысымы оң әсер етіп, мидағы жаңа нейрондар оянады. Жаңа нейрондар оянған сайын баланың қабілеті де жоғары бола бастайды. Сонымен қатар, шаңғы тебуді үйретеміз. Шаңғы баланың бұлшық еттерін қатайтады. Өткен жолы сол аяғы жансызданып қалған бес жасар қыз келді. Екеуміз сегіз күн бірге жаттығып, нәтижесінде өз аяғымен жүріп, 28 қадам жасай алатын болды. Ендігі келгенінде толық аяғына тұрады деп ойлаймын, - дейді Дамир.
Балаларға қандай жаттығулар жасатасыздар?

Алғаш келген балаға алдымен шаңғымен сырғанап жүрген балаларды көрсетеміз. Сосын бұл оның да қолынан келетінін түсіндіріп, өздерін сырғанатып үйретеміз. Шаңғымен сырғанаудың ләззатын сезінген балада қорқыныш азайып, өзіне деген сенім пайда болады.

Ерекше балалармен жұмыс жасау қаншалықты қиын?

Нейро топтық балалар негізінен көру, тыңдау арқылы ақпарат қабылдайды. Сондықтан әр баланың қабілетіне қарай жұмыс жасаймыз.

Балалар қанша метр биіктікке шығады?

Мұнда тағыда сол балалардың қабілеттеріне байланысты. Жаңа айтқанымдай қорқынышын жеңгең балаларда сенім пайда болады. Соның арқасында сөйлеп кеткен балалар да бар. Мен қазір жұмыс істеп жүрген балада өзіне деген сенім мен тұлғалық қабілет пайда болды. Ол бұған дейін өздігінен ештеңе айтпайтын. Қазір, "тоқтағым келді" , "шаршадым" , "қарным ашты" деген секілді өз ойын айтатын болды.

Балалар бір курста қанша сағат жаттығады?

Бір курста он сағат жаттығады. Бұл тағы да балалардың физикалық қабілетіне байланысты. Алғашқы күні бір сағат болса, келесі күні екі сағат жаттығады. Жаттығуды да мүмкіндіктеріне қарай жасаймыз. Алғашында шаңғыда тұруды, сосын жүруді, бұрылуды, тоқтауды үйретеміз.

Бұл жұмыспен қанша уақыттан бері айналысып келесіз?

Осы жерге келгеніме екі жылдан асты. Бірақ, шаңғы спортымен шұғылданғаныма он төрт жыл болды.

2c5736fa-0e8c-445b-9f9f-efef45d9b8e0.jpg

Осы кезде Дамирдің қасында тұрған балақай оның қолынан тартып, тауға шыққысы келетінін, шаңғымен сырғанағысы келетінін айтты. Дамир да бізден кешірім сұрап, кішкентай досын ерітіп тауға қарай беттеді.

Еске сала кетейік, бұған дейін "Ski Park Pioneer" демалыс орталығына сал ауруына шалдыққан балаларды тау шаңғысы арқылы емдейтіндігі туралы жазған болатынбыз.

Загрузка...