«Дала фольклорының антологиясы» жинағы жарық көрді

19 Сәуір 2019, 14:10
1799
Бөлісу:
«Дала фольклорының антологиясы» жинағы жарық көрді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Нұр-Сұлтандағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Дала фольклорының антологиясы» атты жинақтың тұсаукесері өтті.

Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев және «Qazaq radiolary» ЖШС-нің директоры Құрманбек Жұмағали, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің жауапты хатшысының міндетін атқарушы Күміс Сейітова мен айтыскер ақын, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Аманжол Әлтаев қатысты.

Жаңа жинақ Елбасы Н. Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынның аясында ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің бастамасымен жүзеге асқан.

Аталған жинаққа Qazaq радиосының «Алтын қорында» 1948 жылдан бері сақталған халқымыздың мәдени мұралары, сан ғасырлық тарихқа толы шығармалары – ертегілер, батырлар жыры, айтыс өнері, шешендік сөздер, жыр-дастандар, күй-термелер және т.б енді.

Айта кетейік, ұлттың үнжариясы – Qazaq радиосында 1959 жылдан бастап «Ертегі» айдарымен барлығы 350 хабар дайындалған болатын. Ал, кейіннен «Ерден атаның ертегілері», «Зәмзәгүл әженің ертегілері», «Айдос атаның ертегілері» және «Сауық әженің ертегілері» деген атаумен жаңартылып, әр жылдары жазылған таспалар қайта топтастырылып шықты.

Сондай-ақ, «Алтын қорда» сақталған еліміздің белгілі жыршы-термешілерінің орындауындағы 2015 жылы қайта үнтаспаға жазылған батырлар жырының 50 нұсқасы кірді.

Ежелден келе жатқан ұлтымыздың төл өнеріміздің бірі – айтыстың 1960 жылдан бері сақталған 10 шығарылымы, 1950 жылдан бастап сақтала бастаған, «Салт-дәстүр» атауымен берілген - «бата», «беташар», «сыңсу», «жар-жар», «жоқтау», «жарапазан», «бесік жырлары» сынды жәдігерлер де жинаққа енгізілді.

Сонымен қатар, жыл басынан бері «Qazaq радиосы» мен «Shalqar» радиосының эфирінен «Дала фольклорының антологиясы» атты арнайы бағдарлама тыңдарманға жол тартқан болатын.

Халқымыздың өмірін бейнелейтін, қиял-ғажайып негізге құрылған құнды шығармалар осылайша жалғасын таппақ.

Өзгелердің жаңалығы