Бас жаңалықтар
Дақпыртқа ермей, сақтық шараларын сақтаған жөн – медбике
31 Қазан 2020, 18:33 158

Дақпыртқа ермей, сақтық шараларын сақтаған жөн – медбике

Тараз, BAQ.KZ тілшісі. Дәрігерлер коронавируспен ауырғандар ағзасындағы «Д» дәруменінің жетіспеушілігінен зардап шегіп жүргендерін айтуда.

Көпшілігі – бұрынғыдай әл-дәрмені жоқтығын жеткізіп, шағымдануда. Қозыкөш жер жаяу жүрсе, ентігіп қаламыз дейтіндер де көп көрінеді.

Осының бәрін естіп-біліп отырып, «індет жоқ», «вирустың екінші толқыны болмайды» деп қалай кесіп-пішіп айтуға болады. Айналамыз әлі де дімкәс тартып жатқанда, қапысыз-қамсыздығымызға жол болсын!, - дейді ақ халаттылар.

Тараз қалалық №1 ауруханасында медбике болып жұмыс істейтін Тоқтагүл Нурагимова қазіргі таңда Тараз қаласындағы «Атлетик» спорт кешенінде ашылған коронавирус инфекциясымен ауырған науқастарды оңалту орталығында. Індетті дерт дендеген шілде айында жұқтырып алыпты.

Бұл – ауруханаға науқастар толассыз түсіп жатқан кез еді. Медицина қызметкерлері сақтық шараларын мықтап ұстанды. Бірақ, мамандардың сүзгі бөлмесінен, қызыл аймақтан да тыс аумақта індетке шалдыққандармен қарым-қатынаста болатыны сөзсіз ғой. Әріптестерімнің көпшілігі осы кезеңде ауырды. Оның себебі – шаршау, дұрыс тамақтанбағанымыздың әсері деп ойлаймын. Соның салдарынан иммунитетіміз төмендеп кетті, - дейді ол.

Медбике алғашында үйден шықпай, қажетті ем-домды амбулаторлық жағдайда қабылдапты. Алайда бірте-бірте дем алуы қиындай берген. Ентігу пайда болған соң, өкпесін компьютерлік тамографияға түсіріп, тексерілген. Қос өкпенің 40 пайызы зақымдағанын білген соң, ауруханаға жатып емделген.

Күн санап сырқаттар саны көбейген соң, үйге шығуға бел будым. Отбасындағылардан оқшауланып, жеке бөлмеде жатып, қалған ем-шараларын алдым. Жазылып шыққаннан кейін де тез шаршап, баспалдақпен көтерілген кезде де ентігіп қалатын болған соң қайта тексерілдім. Өкпемнің зақымданған жерінің 10 пайызы әлі де толық қалпына келмеген екен. Содан кейін оңалту орталығына келдім, - дейді медицина қызметкері.

Коронавирус инфекциясын жұқтырып, емделіп-жазылып шыққандар біраз уақыт тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген емханада дәрігерлер бақылауында болатыны белгілі. Қадағалаудың пайдасы сол – мамандар ағзадағы өзгерісті жіті тексеріп, қандай дәрумендер жетіспейтінін дер кезінде анықтайды. Соған қарай қажеттісін тегін беріп отырады.

Бір байқағаным, жастар бұл індетті жоққа санайды екен. Бізді құртқан осы сенімсіздік. Сондықтан, түрлі дақпырт таратушыларға ермей, сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Төсек тартып, жатып қалғанымда ауруымнан айықсам деп тіледім. Қорқыныш та болды. Үрей үмітті жеңіп кете жаздайды екен. «Аман қаламын ба» деген ойдан ұйқың да қашады. Осындай күйге түспеу үшін вирусты жұқтырмау керек, - деді Тоқтагүл.

Коронавируспен ауырған науқастардың ішінде өкпе, жүрек, бүйрек немесе қан ауруларынан зардап шегетін адамдардың айығып шығуы өте күрделі жағдайда өтетінін байқаған. Бірақ дертті қоздырушы вирустың қай ағзаның қалтарысында жасырын тұратыны белгісіз. Себебі ағзаға аталған вирус түскен бойда бүйрек, өкпе, жүрек жұмыстарының қалыпты режімі бұзылады. Бір сөзбен айтқанда, COVID-19 вирусының алдында барлық ағза әлсіз.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...