Бас жаңалықтар
Дәріханада жоқ парацетамол базарда сатылып жатыр
09 Шілде 2020, 15:56 199

Дәріханада жоқ парацетамол базарда сатылып жатыр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Дәріханада жоқ парацетамол базарда сатылып жатыр. Бұл туралы онлайн брифингте Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Парасаттылық департаментінің директоры Ғанижан Асанұлы айтты.

Коронавирусқа байланысты қалыптасқан жағдайда дәрі-дәрмектердің бағасын әдейі көтеру, сондай-ақ, жасанды тапшылықтың пайда болуы байқалады. Осыған байланысты Мемлекет басшысының дәрі-дәрмектерді алыпсатарларды жою туралы тапсырмасын орындау үшін еліміздің барлық өңірінде жұмыс топтары құрылды. Бұл жұмыс топтарының құрамына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет агенттігінің қызметкерлері, "Адалдық алаңы" жобалық кеңсесінің арнайы мониторингтік топ мүшелері, сондай-ақ, мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Олар әлеуметтік желілерге және санитарлық тапшы дәрілерді сатуға және бағаны көтеру бойынша хабарламаларға, ауруханаларда халық үшін жасалған жағдайларға қоғамдық мониторинг жүргізеді. Одан бөлек, дәрі-дәрмекті сақтау және сату орындарына барып жатыр, - дейді Ғанижан Асанұлы.

Оның айтуынша, қазіргі таңда  жүргізілген мониторинг нәтижесінде бірқатар факті анықталған. 

Атап айтқанда, астаналық дәріханаларда мониторинг қорытындысы бойынша амлодимед препаратының бағасын 327 теңгеге, ал ЦЕФ-3 препаратының бағасын 2950 теңгеге көтеру фактілері анықталды. Жамбыл облысында дәріханаларда тапшы болып отырған парацетамолды базарларда тиісті рұқсатсыз сатқандығы анықталған. Алматы облысында мониторинг барысында дәріханаларда препараттарға бағаны көтеру фактілері анықталды. Атап айтқанда, шекті сомасы 1382 теңге болып табылатын аспирин-кардио 3500 теңгеге, зитмак 4052 теңге орнына 7000 теңгеге, ал ципролет 1260 теңге орнына 2200 теңгеге сатылған. Сондай-ақ, кейбір дәріханалардың кассалық аппараттарды әдейі өшіретіні анықталды, - дейді департамент басшысы.

Ал Батыс Қазақстан облысында шекті құны 118 теңгелік маскалардыы дәріханаларда 150 теңгеден сату фактісі анықталған. 

Павлодар облысында дәріханалардың бірінде сатып алынған парацетамол біздің еліміздің аумағында тіркелгеніне күмән туғызды. Өйткені оның қаптамасында мемлекеттік тілде маркасы жоқ және медициналық қолдану жөніндегі нұсқаулық берілмеген. Түркістан облысында Клавам препараты 980 теңге орнына 1680 теңгеге  сатылған. Бұл облыста, сонымен қатар, өз қызметін тиісті рұқсатсыз жүзеге асыратын дәріхана анықталды. Барлық анықталған фактілер бойынша тиісті шаралар қабылдау үшін материалдар уәкілетті органдарға жолданды. Кәсіпкерлер мен дәріхана иелеріне дәрі-дәрмектің бағасын бірнеше есе өсіріп, қалыптасқан жағдайды жеке мақсатқа пайдалану дұрыс емес екендігі туралы еске саламыз, - дейді Ғанижан Асанұлы.

Ол мәселенің өзектілігін ескеріп, халықпен кері байланыс орнату үшін 8 702 000 2494 WhatsApp нөмері қосылғанын айтты. 

Оған азаматтар дәрі-дәрмектің бағасын көтеру фактілері бойынша фото және бейне материалдарды жібере алады. Аталған нөмірден бөлек өңірлерде "Адалдық алаңы" жобалық кеңсе басшыларының телефондары жұмыс істеуде. Бұл нөмірлердің барлығы тәулігіне 24 сағат, аптасына 7 күн бойынша жұмыс істеуде. Азаматтардың жолдаған әрбір фактісі тексеріліп, бұзушылық анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданатын болады, - дейді агенттік қызметкері.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...