Дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды – Мамин

9 Қыркүйек 2020, 10:40
1640
Бөлісу:
Дәрі-дәрмек тапшылығы болмайды – Мамин

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Күзде дәрі-дәрмек және ауруханада орын тапшылығы болмайды. Бұл туралы бүгін Үкіметтің онлайн отырысында Премьер-министр Асқар Мамин мәлім етті.

Оның айтуынша, уақытында қабылданған шаралардың арқасында коронавирусқа қатысты елдегі жағдай тұрақтанды. Бүгінгі күні коронавирус инфекциясы мен вирустық пневмонияның тәуліктік өсуі - 0,5 пайыз шегінде. Ауру жұқтырғандардың санын азайту, медициналық көмектің тиімділігін жақсарту бойынша нақты шаралар қабылданды.

Өздеріңіз білесіздер, күзде вирустық аурулар мен тұмаумен ауру жағдайлары артады. Осыған байланысты 15 қыркүйектен бастап халықты тұмауға қарсы вакцина салу басталады. Өңірлерде 12 инфекциялық аурухана салынып жатыр және 2 стационар қайта жаңартылуда. Жалпы, ауруханалардағы орындардың санын 50 мың орынға дейін ұлғайту бойынша жұмыс жүргізілуде. Тапшылық болмайды, - деді Мамин.

Сондай-ақ ол ауылдық жердегі медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз етілетінін, жеке қорғану құралдары мен дәрі-дәрмектердің жеткілікті қоры жасалғанын атап өтті. 

Оның айтуынша, тамыз айынан бері ауруханаларда вирустық инфекциядан емделу үшін халыққа тегін дәрі-дәрмек беріліп жатыр, вирусқа тестілеу мүмкіндігі артты.

Вакцина сатып алу жөнінде келіссөздер өткізілді және өзімізде вакцина жасап шығару бойынша қарқынды жұмыс ұйымдастырылған.

Үкімет тарапынан ауқымды жүйелі жұмыс жүргізілуде. Қабылданған шаралардың нәтижесінде біз еліміз үшін күрделі кезеңді еңсердік және вирустың таралу деңгейінің төмен болуын қамтамасыз еттік. Әрине, санитариялық талаптарды қатаң сақтау керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы