Дүниежүзілік банктен берілетін несие қайда жұмсалады

12 Шілде 2020, 13:28
1607
Бөлісу:
Дүниежүзілік банктен берілетін несие қайда жұмсалады

Нұр-Сұлтан, BAQ,KZ. Дүниежүзілік банктің 500 млн доллары Қазақстанға кезең-кезеңімен және Мал шаруашылығын тұрақты дамыту жобасын іске асырудың нақты нәтижелеріне қол жеткізілгеннен кейін ғана беріледі, деп хабарлайды ҚР АШМ баспасөз қызметі.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Дүниежүзілік банк Қазақстанға көлемді несие беруге ниетті. Дүниежүзілік банктің сарапшылар тобы әзірлеген 2021-2025 жылдарға арналған мал шаруашылығының тұрақты даму жобасын іске асыруға 500 миллион доллар (459,8 миллион еуро) бөлінеді. ҚР Үкіметі атынан несие алушы - Қаржы министрлігі.

Дүниежүзілік банк жобасының негізгі мақсаты - үлкен экспорттық әлеуетке ие әрі құны жоғары өнім ретінде экологиялық таза сиыр етін өндіруді және қазақстандық ет экспортын қолдау. Сол арқылы Қазақстан экономикасының өсуіне ықпал ету және ауылдық жерлерде өмір сүру жағдайын жақсарту.

Жоба аясында келесідей нәтижелерге қол жеткізу жоспарланып отыр:

-        20 мың фермерге несие беру;

-        100 мың фермерге білім беру;

-        балама энергия көздерін қолдана отырып, мал шаруашылығының инфрақұрылымын дамытуға фермерлерге қаржылық қолдау;

-        сиыр етін импорттайтын елдердің талаптарына сәйкес мал шаруашылығы өнімдерін бақылау жүйесін құру;

-        жеке және тәжірибелік ветеринарларды шағын және орта фермаларға қызмет көрсетуге, сондай-ақ, ветеринарлық іс-шараларға тарту.

Жоба жоғарыда аталған іс-шараларды тікелей қаржыландыруды көздемейтінін атап өткен жөн. Несие қаражаты Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыруды қолдауға жұмсалады.

Сонымен қатар, жобаны іске асыру кезінде Қазақстан үшін мүлде жаңа қаржы құралы - «Нәтижеге бағытталған бағдарлама» (Program-for-Results – PforR) бойынша несие қолданылады. Бұл механизм қаражат қарыз алушыға қаржы институтымен келісілген нәтижелер мен көрсеткіштерге қол жеткізілгенде ғана төленетінін қарастырады.

Сондай-ақ, индикаторлар жетістігіне аударылатын қаражат лимиті мемлекет жұмсаған қаражат көлеміне емес, мал шаруашылығы саласын дамытуға арналған индикаторлар жетістігінің көрсеткішіне байланысты болады.

Өзгелердің жаңалығы