Дүниежүзілік банк Қазақстандағы жемқорлықты бақылау көрсеткіші жақсарғанын айтты

28 Қыркүйек 2020, 18:38
1713
Бөлісу:
Дүниежүзілік банк Қазақстандағы жемқорлықты бақылау көрсеткіші жақсарғанын айтты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Дүниежүзілік банк «Мемлекеттік басқару индикаторлары» (the Worldwide Governance Indicators, WGI) жыл сайынғы зерттеуін жариялады. Оның аясында әлемнің 214 елінде оның сапасы мен тиімділігі бағаланады.

WGI алты индексті қамтиды: «Сыбайлас жемқорлықты бақылау», «Үкіметтің тиімділігі», «Заңның үстемдігі», «Реттеуші ортаның сапасы», «Саяси тұрақтылық» және «Мемлекеттің есептілігі».
Барлық көрсетілген бағыттарды жинақтайтын бірыңғай жиынтық рейтинг жоқ. Әр бағыт жеке бағаланады.
Нәтижелерді көрсетудің бір тәсілі – пайыздық дәреже шкаласы. Бұл төмен көрсеткіштері бар елдердің пайызын анықтау арқылы өзге мемлекеттер арасындағы жекелеген мемлекеттің жағдайын көрсетеді. Қазақстан екінші жыл қатарынан «Сыбайлас жемқорлықты бақылау» индикаторы (СБИ) бойынша қарқынды өсімді көрсетіп отыр. Ағымдағы индексте еліміз пайыздық дәрежені 36-дан 43,8%-ға дейін жақсартты. Екі жылда екі есеге (19,7%-дан бастап) артты, - деп хабарлады Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің баспасөз қызметі. 
Осылайша, қазіргі серпілістің арқасында Қазақстан индекстің төменгі үшінші бөлігінен оның ортасына едәуір жақындады.

Бұл көп жағдайда елдегі жемқорлық деңгейін төмендету, ең алдымен алдын алу және ағарту, сонымен қоса, бизнесті жүргізу жағдайларын жақсарту бойынша қабылданып жатқан жүйелі әрі кешенді шараларға байланысты. 

Деректер 12 дереккөз негізінде есептелді, олардың ішінде Bertelsmann Stiftung, Freedom House, Economist Intelligence Unit, PRS Group, World Justice Project, IHS Markit, IMD, World Economic Forum, V-Dem, Gallup Organization және т. б. компаниялардың зерттеу нәтижелері бар.

Зерттеулері негізінде СБИ құрылатын ұйымдардың көпшілігі Қазақстанның соңғы жылдағы жемқорлыққа қарсы күрестегі күш-жігерін оң бағалады. Мысалы, PRS Group желісі бойынша Қазақстанда жемқорлыққа қарсы іс-қимыл көрсеткіші 1,5 есе өсті, IMD жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингісінде Қазақстан ұқсас индикатор бойынша өзі үшін рекордтық 27-орынға ие болды, World Justice Project және Gallup Organization рейтингтерінде айтарлықтай прогреске қол жетті. 

ТМД елдері арасында Қазақстан тек Беларусь (53,8) пен Арменияға (50) ғана жол бере отыра, Молдова (29,8), Украина (26,4), Ресей (21,6), Әзірбайжан (19,7), Қырғызстан (17,3), Өзбекстан (14,4), Тәжікстан (9,1) мен Түрікменстан (3,8) елдеріне қарағанда айтарлықтай жоғары орналасқан.

Қытай (43,3), Бразилия (42,3), Тайланд (39,4), Индонезия (38), Моңғолия (37,5), Египет (27,9) және бұрын Транспаренси Интернешнл (СҚИ) сыбайлас жемқорлықты түйсіну индексінде біршама жоғары позицияға ие болған басқа да мемлекеттер біздің елден төменірек орналасқан.

Сыбайлас жемқорлықты бақылау жөніндегі шаралар тиімділігі жағынан сөзсіз әлемдік көшбасшыларына келетін болсақ, рейтингті 100% көрсеткішпен Жаңа Зеландия бастап тұр. Бұдан басқа, көшбасшылар ондығына Сингапур, Финляндия, Швеция, Люксембург, Дания, Норвегия, Нидерланды, Швейцария және Лихтенштейн кіреді.

Дүниежүзілік Банктің СБИ – зерттелетін елдерде іске асырылып жатқан жемқорлыққа қарсы саясаттың тиімділігін бағалауға бағдарланған әлемдегі жемқорлықты өлшеудің біріктірілген беделді көрсеткіші.
Өзгелердің жаңалығы