COVID-19: Ультракүлгін сәуле вирусты жойып жібере ала ма?

14 Мамыр 2020, 16:18
2954
Бөлісу:
COVID-19: Ультракүлгін сәуле вирусты жойып жібере ала ма?
Фото: ашық дереккөз

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында медицина ғылымдарының докторы, ҚР жетекші инфекционист дәрігері Динагүл Баешева көпшіліктің көкейінде жүрген "Ультракүлгін сәуле вирусты жойып жібереді екен" деген түсініктің қаншалықты рас екеніне тоқталды.

Жалпы, ультракүлгін сәуле патогенді вирусты да, бактерияларды да жояды. Жылулық әсерінің өзі адамдар үшін өте қолайды. Себебі, жаз мезгілінде халық бір кеңістікте отырмай, далаға шығады. Үйдің есік-терезелері ашылып, желдетіледі. Халық табиғат аясына демалуға шығады. Мұның бәрі жақсы. Тек 1 метр көлемінде арақашықтық сақтауды естен шығармаған жөн. Тағы бір мәселе, бұл вирус жоғары тыныс алу жолдарындағы клеткаларда өмір сүріп, көбейетінін білу керек. Ал, онда ультракүлгін сәуле түспейді. Мәселе осында жатыр. Біздің негізгі міндетіміз – вирусты таратпау. Вирустың таралуын арақашықтық сақтап, тиісті медициналық нормаларды орындау арқылы ғана тежей аламыз, - деді ол.

Әлем елдерінде коронавирус инфекциясы салдарынан қаза болғандардың дені егде жастағылар болса, біздің елде бұл жастағы адамдар жазылып шығып жатты. Осыған қатысты дәрігер бұл жағдайдың тиісті шаралардың дер кезінде қабылдануы арқасында болып отырғанын айтты.

Бұл үкіметтің істеп жатқан шаралары арқасында болып отырған жағдай деген ойдамын. Себебі, вирусты дер кезінде анықтау, оқшаулау, ерте кезден диагноз қою және ем-дом шараларын жасау сияқты жұмыстар дәл уақытында жасалды. Мысал ретінде айтайын, бір қарағанда жағдайы жақсы науқастарды тексергенде, олардың қан, бауыр көрсеткіштері өзгеріп кеткенін байқадық. Егер 2-3 күн байқастайық деп, назар салмасақ, ол кісілер нашарлап кететін еді. Бізге түскен егде жастағылардың көрсеткіштерінде өзгеріс болды. Олар ерте кезден ем қабылдағандықтан, біз оларды аман алып қала алдық. Алғашқы аптада ағзаға түскен вирус көбейе бастайды, дәл сол кезде оған қарсы ем жасалса, вирустан айығуға мүмкіндік бар. Ал, бірер апта күтіп, инфекция әбден өкпе-бауырды зақымдап болғаннан кейін ем жасаудың пайдасы шамалы, - дейді Динагүл Баешева.

Дәрігер жаз мезгілінде вирустың қалай әрекет етуі мүмкін екенін айтты.

Қандай вирус, қандай тіршілік иесі болмасын оған қоршаған ортасы маңызды. Оған күннің көзі, ылғалдылық, жел, температура да әсер етеді. Жазда вирустың таралу фактісі азаюы мүмкін. Оған адамдардың бір мекеме ішінде отырмай, сыртқы шығуы, үйдің есік-терезелерін желдетуі әсер етеді деп ойлаймын. Бірақ, "жаз шықты, енді бізге ештеңе болмайды", деп ойлау - қате. Өйткені, вирус адамның ағзасында, жоғары тыныс алу жолдарында көбейіп таралады. Ал, ол жерлерге күн сәулесі түспейді. Сондықтан, сақтық шараларын әлі де ұстану керек, - деді ол.

Өзгелердің жаңалығы