COVID-19. Тестілеу қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін арттыра аламыз - министр

15 Қазан 2020, 22:59
883
Бөлісу:
COVID-19. Тестілеу қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін арттыра аламыз - министр

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой “М.Айқымбаев атындағы аса қауіпті инфекциялар ұлттық ғылыми орталығы” ШЖҚ РМК барды. Министр КАМАЗ-ға тіркелген шассидегі төрт мобильді зертханамен танысты.

Зертханалар санитариялық-эпидемиологиялық қызметті күшейту және инфекциялық ауруларға, COVID-19 індетіне жедел көңіл бөлу,  індетті дер кезінде емдеу шараларына дайындық аясында Денсаулық сақтау министрлігінің қаражаты есебінен сатып алынды.

ПТР зертханалар  екінші деңгейлі биологиялық қорғаныс бокстарымен, автономды энергия, шығын материалдарының қажетті жиынтығымен жабдықталған. Жылжымалы зертханалар далада  аса қауіпті инфекцияларға зертханалық зерттеулердің толық спектрін орындауға, дербес және инфекциялық ауру ошағында медициналық мекеме жанындағы іссапарға жіберілген стационарлық зертхана ретінде жұмыс істей алады.

 Айта кету керек, бұл зертханалар толығымен Қазақстанда құрастырылған: шасси "КАМАЗ-Инжиниринг" компаниясында (Көкшетау қ.), фургон,  зертханалық және қосалқы жабдықтарды қазақстандық "Тополь" компаниясы (Алматы қ.) жасаған.

Бұған дейін Ұлттық орталықтың Жамбыл, Ақтау, Атырау өңірлік филиалдарына осыған ұқсас үш зертхана жіберілген болатын. Біреуі Қазақстанның кез-келген нүктесінде санитариялық-эпидемиологиялық сипаттағы төтенше жағдай кезінде медициналық мекемелер жылдам  жауап беруі үшін резерв ретінде орналастырылған.

Коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындық жөніндегі кеңесте Мемлекет басшысы тестілеу қуатын арттыруды тапсырды. Қазіргі уақытта елімізде зертханалық тестілеудің қуаты тәулігіне 48 мың тестке дейін жеткізілді. Аймақтарға жабдықтар жеткізу және  осындай жылжымалы зертханалар сатып алу есебінен біз тестілеу қуатын тәулігіне 63 мың зерттеуге дейін арттыра аламыз, - деді Денсаулық сақтау министрі.

Сонымен қатар, А.Цой АҚИҰҒО мамандарымен кездесті, онда Қазақстан Республикасының биоқауіпсіздік және халықты биоқорғау саясатын дамыту мәселелері талқыланды. COVID-19 өршуі мүмкін деген  ақпарат түскен  күннен бастап АҚИҰҒО профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шара әзірлеуге кірісті. 2020 жылдың ақпан айында АҚИҰҒО базасында  ПТР тест-жүйесі әзірленді және қазіргі уақытта ҚР медициналық бұйымдардың мемлекеттік тізілімінде тіркелген. Орталық жылына 200 000 зерттеуге арналған тест жүйесін шығара алады.

Қазақ ұлттық аграрлық университетімен ынтымақтастықта COVID-19-ға қарсы нано-эмульсиялық адъювант негізінде нано-вакцина мен суббірлікті вакцинаны әзірлеу бойынша зерттеулер жүргізілуде.

Жалпы, сапар қорытындысы бойынша министр иммунобиологиялық препараттардың өндірістік базасын кеңейту үшін ұсыныстар енгізуді тапсырды, сондай-ақ халықаралық тренинг орталығында аса қауіпті инфекциялар бойынша қысқа мерзімді оқыту курстарын ашу қажеттігін атап өтті.

Өзгелердің жаңалығы