COVID-19. Ресейде бір тәулікте 17 мыңнан астам науқас тіркелді

26 Қазан 2020, 23:04
1310
Бөлісу:
COVID-19. Ресейде бір тәулікте 17 мыңнан астам науқас тіркелді

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Өткен тәулікте Ресейде (аннексияланған Қырымды қосқанда) 17 347 адамнан коронавирус инфекциясы анықталған. Бұл індет басталғалы бері бір күн ішінде тіркелген ең жоғары көрсеткіш.

Азаттық радиосының мәліметіне қарағанда, жексенбі күні Мәскеуде 5 224 адамнан коронавирус табылған. Бұл алдыңғы күнмен салыстырғанда 769 адамға көп. Ресей астанасында науқастардың жалпы саны 400 мыңнан асты. Қаладағы №15 аурухананың бас дәрігері Валерий Вечорко РБК арнасына берген сұхбатында "егер сәуір-мамыр айларында күніне орташа есеппен 160-180 науқас ауруханаға түскен болса, қазір бұл көрсеткіш 200-ден асты" деген.

Өткен тәулікте Санкт-Петербургте 715 адамға коронавирус жұққаны анықталған, Мәскеу облысында 499 науқас тіркелген. Эпидемия басталғалы бері әлемде коронавирус жұқтырғандар 1,5 миллионнан асты.

25 қазанда Covid диагнозы қойылған науқастар арасында 219 адам өлімі тіркелген, 7 574 адам жазылған. Пандемия басталғалы бері барлығы 26 269 адам қайтыс болған, 1 146 096 адам жазылған.

Сбербанк сервисінің мәліметі бойынша, Ресейдің ірі қалаларында тұрғындар дәріханаға алдыңғы аптамен салыстырғанда 70 пайызға жиірек хабарласқан.

Коронавирусқа екі аймақ басшысы шалдыққан. Кузбасс губернаторы Сергей Цивилев медициналық көмек ұйымдастыру кезінде жіберген қателіктері үшін денсаулық сақтау министрлігінің аумақтық басқармасының басшысы Олег Евсті қызметінен кетірген. Оның алдында әлеуметтік желіде Новокузнецкідегі мәйітханалардың толып кеткені жайлы видео тараған еді.

Өзгелердің жаңалығы