COVID-19: Отандық вакцинаны салдырғандардың қазіргі жағдайы белгілі болды

12 Қыркүйек 2020, 18:01
2765
Бөлісу:
COVID-19: Отандық вакцинаны салдырғандардың қазіргі жағдайы белгілі болды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. БҒМ Ғылым комитетінің баспасөз қызметі коронавирусқа қарсы отандық QazCovid-in вакцинасын өздеріне салып, сынап жатқан ғалымдардың жағдайы туралы хабарлады.

42 күні оларда өсіп келе жатқан иммунитет қалыптасқан, қазір олар өзін жақсы сезінеді. Талдау нәтижесінде, арасы 21 күннен 0,5 см3/бас дозасын екі рет бұлшықетке иммундау кезінде вакцина организмде 5,0 (1:32) log2-ден 9 (1:512) log2-ге дейінгі титрлерде вирусты бейтараптандыратын (қорғаныш) антиденелердің пайда болуына септігін тигізді. Бұл деректер тұрақты өсетін иммунитеттің қалыптасуын көрсетеді.

Жақында шетелдік және қазақстандық желілік басылымдарда Нанкин университеті Медицина мектебінің қытайлық ғалымдары COVID-19 иммунитеті тез жоғалып кететінін анықтады деген ақпарат пайда болды. Олардың айтуынша, SARS-CoV-2 антиденелерінің саны адам қалпына келгеннен кейін төрт аптадан соң күрт төмендейді. Өз зерттеулеріміздің нәтижесіне және иммунология мен эпидемиологияның дәстүрлі заңдылықтарына сүйене отырып, қытай ғалымдары жариялаған ақпарат қате немесе дұрыс түсіндірілмеген деп есептейміз, - деп мәлімдеді Биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтының директоры Күнсұлу Закарья.

Хабарламада институтта наурыздан бері әртүрлі кезеңдерде коронавирус жұқтырып, сауыққаннан кейінгі қан сарысуының үлгілері зерттелетіні жазылған. Ақпаратқа сәйкес, мұндай адамдарда вирустық антиденелердің титрлері 3 (1:8) log2-ден 8 (1:256) log2-ге дейін болатын көрінеді.

Институт өкілдері симптомсыз ауырған науқастарда антиденелердің титрлері көп жағдайда төмен болғанын атап өтті. Зерттеуге ауру көрінісі ауыр болған төрт адам және ауру белгілері жоқ төрт адам атсалысты. Біріншісінің антиденелері 1:64-тен 1:256-ға дейін, ал екіншісінің 1:8-ден 1:128-ге дейін болған.

Зерттеу нәтижелеріне сәйкес, ауырып, табиғи жолмен жазылған адамдардың (100 пайыз) және белсенді емес вакцинамен егілгендерден (100 пайыз) алынған қан сарысуының барлық үлгісінде сенімді бейтараптандыратын антиденелер бар екені белгілі болды.

Бұл сауығып кеткен және егілген адамдардың қан сарысуында антиденелердің жоғары бейтараптандыратын сенімділігін көрсетеді. Зерттеуге қатысқан барлық ерікті мен қызметкердің дені сау, өздерін жақсы сезінеді. Сонымен қатар, олар ғылыми-техникалық бағдарлама аясында жұмысын жалғастырады, - деді Закарья.

Айта кетейік, ветеринария ғылымдарының докторы және коронавирусқа қарсы қазақстандық вакцинаны әзірлеуші Леспек Күтімбетов адамдарға аталмыш сынақтар қыркүйекте басталатынын мәлімдеген еді.

Өзгелердің жаңалығы