Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бүгін өткен Үкімет отырысы барысында елдегі коронавирус жағдайына тоқталды. Оның айтуынша, өткен тәуліктегі өсім 3,3%-ды құраған.
Бүгінде елімізде коронавирус инфекциясын жұқтырған 4121 жағдай тіркелген. Өткен тәулікте 129 жаңа жұқтыру жағдайы анықталды, өсім көлемі – 3,3%. 84 жағдай немесе 65%-ы профилактикалық скрининг кезінде анықталған болса, 36 науқас медициналық көмекке өздері жүгінген, 9 науқас шет елден келген, - деді Біртанов.
Министрдің сөзінше, вирус жұқтырудың жаңа жағдайлары көбінесе Алматы (33) және Батыс Қазақстан облысында (20) тіркелген.
Өңірлер бойынша ең жоғары өсім Маңғыстау облысында (13,8%) байқалады. Кеше екі адам қаза тапты. Ал, жалпы қайтыс болғандар саны – 29, жазылып шыққандар – 1173, тағы 2847 науқас ем-дом шараларын қабылдауда. Кеше еліміз бойынша 13 550 тест жүргізілді, оның 4,5 мыңы скрининг негізінде жасалды - деді Елжан Біртанов.Айта кетейік, кеше ҚР мемлекеттік бас санитариялық дәрігері Айжан Есмағамбетова соңғы екі аптада коронавирус инфекциясын жұқтыру жағдайы тұрақталып келе жатқанын айтқан болатын. Бас санитар елімізде ауру жұқтыру деңгейі 7 пайыз екенін мәлімдеп, карантин шараларын сабырлықпен сақтап отырған халыққа алғыс білдірді. Ол сонымен қатар, "далада маска тағуға бола ма?" деген сауалға қатысты жауап берген еді.