COVID-19: Індетті жеңген дәрігер АҚШ-тағы жағдайды айтты

24 Сәуір 2020, 18:22
1883
Бөлісу:
COVID-19: Індетті жеңген дәрігер АҚШ-тағы жағдайды айтты
PHOTO

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Украиналық Евгений Перепада 1989 жылы АҚШ-қа көшіп келген. Ол Нью-Йорктегі ең үлкен аурухананың жедел жәрдем қызметінде жұмыс істеп жүріп, коронавирус жұқтырған. Қазір Евгений аурудан сауықты. Америкалық дәрігер инфекция жұқтырғаннан кейінгі пайда болған симптомдар туралы, коронавирустың қашан тоқтайтыны, АҚШ індетпен қалай күресіп жатқаны туралы, қайтыс болғандар қалай жерленіп жатқанын айтты.

image2 (1).jpeg

ХХІ ғасыр – техниканың, медицинаның, ғылымның дамыған заманы. Дегенмен қай мемлекет қаншалықты дамып тұрса да, дәл қазіргі таңда бүкіл әлем бір сәтке теңесті. COVID-19 ел елге тарап, бүкіл әлем індетпен күресіп жатыр.

АҚШ-тағы жағдай қалай?

Евгений Перепаданың айтуынша, қазір Америкада инфекция жұқтырғандар саны азайып келеді. Наурыз айымен салыстырғанда қазір инфекция жұқтырғандар саны 2 есеге азайды. Бұған дейін жүздеген науқас қабылдасақ, қазір олардың саны 50% төмендеді.

Елде кинотеартрлар, ресторандар, бәрі жабылған, тек пиццаға тапсырыс беруге болады. Барлық бизнес тоқтаған. Тұрғындарға мүмкіндігінше үйде отырып, ешқайда шықпау ұсынылды. Адамдардың арақашықтығы 2 метрден кем болмауы керек. Далаға шығатын болсаң, міндетті түрде маска кию міндетті. Дегенмен, бұл шаралар жеткіліксіз. Мысалы, Қытайда адамдарға сыртқа шығуға мүлдем тыйым салынды. Олар тек қажет болған жағдайда азық-түлікке, дәріханаға не дәрігер көмегіне мұқтаж болған жағдайда ғана рұқсат етілді. Вирус тез тарап жатыр. Вирус жұқтырған адам лифтте болса, ол инфекция сол жерде 2 сағат бойы ауада сақталып қалады. Осылайша, оған мінген басқа адамдарға да вирус жұғуы әбден мүмкін. Нью-Йоркте 8 млн халық бар. Бұл өте көп. Вирус тез тарап кету қаупі де жоғары. Сондықтан вирус жұқтырып алмау үшін көшеде арақашықтық сақтап, үйде отырған жөн, - деді дәрігер.

АҚШ коронавирусты емдеуде қандай тактика қолданып жатыр?

Дәрігердің айтуынша, емдеу әдісі өте көп және әр түрлі. 

Ашығын айтатын болсақ, ешқандай әдіс көмектесіп жатқан жоқ. Бізді өкпенің қабынуына, безгекке қарсы дәрілермен, оған қоса антибиотиктермен емдеді. Егер аурудың жеңіл түрі болса, тез сауығып кетуің мүмкін. Егер вирустан бүкіл денең, ағзаң зардап шексе, онда ештеңе көмектеспейді. Алайда түрлі компаниялар вирусқа қарсы түрлі дәрі-дәрмектер шығарғанымен, олардың да көмегі болып жатқан жоқ. Қазір аурудан айыққан науқастың қанын құйып жатыр, ол да көмектеспей жатыр. Бұл жағдайда көмектесетін жалғыз нәрсе – ол уақыт. Өкпені жасанды желдетуді қажет еткен науқастардың арасында әлі аппараттан (ИВЛ) ажыратылмағандары да бар. Онымен қоса, өкпені жасанды желдету аппаратында бір айдан аса жатқан науқастар да бар. Бір жаңалығымыз – соңғы уақытта науқастарды вентилятормен байланыстырмауға тырысып жүрміз. Бізге тыныс алуында қиындықтары бар адамдар түскен кезде вентиляторды кеудесіне қойып, дем алысын жеңілдету үшін оларға арнайы маска кигізіп жүрміз. Бұл аздап болса да, дұрыс тыныс алуға көмектеседі. Эксперименттік дәрі-дәрмектер де бар, олардың пайдасы бар-жоғын айту әлі ерте, - деп түсіндірді дәрігер.
image0.jpeg
АҚШ-та коронавирустан қайтыс болғандарды қалай жерлейді?

Перепада науқастар ауруханаға түскенде, олардың жақындары келіп, жағдайларын сұрай алмайтынын айтты.

Оларға ешкімді кіргізбейді. Осылайша адам жалғыздықта өмірден өтіп кетіп жатыр. Жақындарына соңғы сөзін айтып, қоштасып қалу үшін WhatsApp не Skype арқылы туыстарымен байланысуға көмектесемін. Коронавирустан қайтыс болған науқастың денесі мәйітханаға жіберіледі. Кейін оларды ешқандай салт-дәстүрсіз жерлейді, не туыстарының қалауымен крематорийге жіберіледі. Нью-Йоркте арал бар. Сол аралда коронавирустан қайтыс болғандарды жерлеп жатыр. Бұл өте қорқынышты, сондықтан өзіңізді, жақындарыңызды барынша сақтаңыз. Мен мұны әлемнің бар халқына айтамын – режимді сақтаңыздар!, - деді Евгений Перепада.
Коронавируспен күресте Евгений Перепаданың жүріп өткен жолы

Дәрігер ауру белгілерін наурыз айында сезіне бастағанын айтты.

Денем сырқырап, бел, иық, мойын тұсы, кейін тамақ ауыра бастады. Бұрын мұндай симптомдар болмағандықтан, тұмау емес екені анық болды. Алғашқы күндері температура төмен болды, 38-ге көтерілген емес. Ауру 1-2 күнде өршіп, жөтел мен әлсіздік пайда болды. 5-6 метрге жүру қиындап, үнемі жата беретін болдым. Бұл белгілер 7-8 күнге жалғасты, кейін жағдайым жақсара түскендей болып, 2 күннен кейін ауру қайта өршіп, 14-15 күнге созылды. Бір апта бойы температура көтеріліп, әлсіздік жалғасып, дем алу қиындады. 10-күні дәм мен иіс сезе алмай қалдым. Мен дәрігер ретінде өз-өзімді карантинде ұстадым. Нью-Йоркте ештеңе жұмыс істемегендіктен, карантинде қанша отырсаң да рұқсат. Дегенмен, мен дәрігер болғандықтан 3 күн ішінде температура болмаса, жұмысқа шығуға рұқсат берді. 15-күні сауыққан соң, жұмысқа оралдым, - деп айтты Перепада.

Ол 6 апталық қызының да ауру жұқтырып алғанын айтып өтті.

Шынымды айтсам, жақындарым үшін қорықтым. Өз бөлмемде оқшауланғаннан 7 күн өткеннен соң 6 апталық қызым да жұқтырды. Температурасы көтеріліп, ауруханаға апардық. 15 күннен кейін әйелімнің жұқтырып алғанын білдік. Екеуінен де коронавирус анықталды. Қызым мен әйелімнің өмірі үшін қорықтым. Әйелімде аурудың жеңіл түрі болды. Бір апта бойы температурасы көтерілді, өкпе қабынуы болмады. Қазір жағдайымыз тұрақталды, - деді дәрігер.
image1.jpeg
Маска кию керек пе?

Дәрігер масканы далаға шығарда міндетті түрде кию керек екенін айтты. 

Вирус ауада 8 сағаттай сақталады. Масканы кию - тек вирусты жұқтырмау үшін ғана емес, қолыңызбен бетіңізді ұстай беру әдетінен алшақтады. Адам күніне жүз не одан да көп рет бетін ұстай береді. Көшеде маска тақпай жүру – дұрыс емес. Егер сізде вирус болса, маска кию арқылы өзіңізді, жаныңыздағы адамды инфекциядан қорғайсыз. Сонымен қатар, профилактика үшін қолды жиі жуу керек. Карантиндік режимді сақтау маңызды. Нью-Йоркте не болып жатқанын көрсе, адамдар режимді бұзбай, карантинге бола жөнсіз ашулануды, ызалануды тоқтатар еді?! Егер олар карантинде отырғылары келмесе – өздері білсін. Аурудың қаншалықты қауіпті екенін түсінбейтін, талапты орындағысы келмейтін адамдармен күресу қиын. Біреулер вирус жазда кетеді дейді. Ол жазда тоқтамайды. Карантинді аша салысымен, вирус қайта келеді. Мен де отбасыммен бірге қыдырып, киноға барып, туыстарымда қонақтағым келеді. Мен де бұрынғыдай, қалыпты өмір сүргім келеді. Бірақ бұл әзірше мүмкін емес. Сондықтан адамдардың ашуы себепсіз, - дейді америкалық дәрігер Евгений Перепада.

 

Өзгелердің жаңалығы