COVID-19 белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистика жарияланады – ДСМ

6 Маусым 2020, 14:42
1395
Бөлісу:
COVID-19 белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистика жарияланады – ДСМ

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Бұған дейін де Денсаулық сақтау министрлігі күн сайын коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдар бойынша статистика жүргізіп келді. Аталған статистикада COVID-19 вирусын жұқтырған - ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ адамдар есепке алынды.

Бүгіннен бастап барлық ресми дерек көздерінде коронавирус инфекциясы бойынша ауру белгілері бар және клиникалық белгілері жоқ вирус тасымалдаушылар бойынша статистика жеке-жеке жарияланады.

Бұл халықаралық тәжірибе және түрлі елдерде қолданылып келеді. Бұлай бөлудің себебі - симптоматикалық емдеуді қажет ететін науқастардың саны бойынша жағдайды көрсету. Сонымен қатар COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ адамдар айналасындағыларға елеулі эпидемиологиялық қауіп төндіреді.

Бүгінгі таңда Қазақстанда тестілеу кезінде күн сайын анықталып жатқан жағдайлардың 60%-ға жуығы - бұл инфекцияны симптомсыз тасымалдаушылар екенін атап өткен жөн.

Елімізде коронавирус инфекциясының таралуының алдын алу мақсатында COVID-19 ауруының клиникалық белгілері жоқ тасымалдаушыларды бақылау жалғаса бермек.

Өзгелердің жаңалығы