Бас жаңалықтар
COVID-19: Қайтыс болғандар жөнінде нақты ақпарат беретін қоғамдық ұйым керек
16 Шілде 2020, 00:15 289

COVID-19: Қайтыс болғандар жөнінде нақты ақпарат беретін қоғамдық ұйым керек

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Қазір әлеуметтік желіде, кейбір БАҚ-та "Бұл күн де ұмыт болады. Ертең-ақ мұндай індеттің болғанын ұмытып, бұрынғыша жақсы өмір сүреміз" деген пікірлер айтылуда.

Осындай пікірлерге, сондай-ақ елімізде орын алып жатқан коронавируспен күрес жағдайына қатысты профессор, белгілі терминолог Шерубай Құрманбайұлы әлеуметтік желідегі жеке парақшасында өз пікірін білдірді.
Халықты сабырға шақыру, елді дүрліктірмеу қажет екенін түсінеміз. Ол дұрыс. Бірақ бұл мәселеге біржақты қарауға болмайды. Тарихтан сабақ алмайтын, кешегі қателігі мен қайғы-қасіретін тез ұмытып кететін жады қысқа жұрттар ешқашан жарқын болашаққа жол сала алмайды. Ғылым мен технология дамыған ХХІ ғасырда, бейбіт уақытта, тәуелсіз елде өмір сүріп жатып, өзге мемлекеттер уақытылы ауыздықтап, халқын сақтап қалып жатқан індеттен біздің қынадай қырылып жатқанымыз жалпы елдегі ахуалдың, соның ішінде, денсаулық сақтау саласының сын көтермейтін жағдайда екенін анық көрсетіп отыр. Соғыс, зілзала сияқты табиғи апат болса түсінуге болар еді. Дамыған елдер соғыс пен табиғи апаттарға да алдын ала қам жасайтынын көріп-біліп, соның куәсі болып отырмыз. Әлемнің көптеген мемлекеті бүгінгі індетті іргесінен аттатпады. Басқа дамыған елдерді айтпағанда кешегі КСРО шинелінен шыққан, қазір де бізбен бірге кеден одағына кіріп отырған Беларусь елінде covid-19 жоқ деп отыр. Бірқатар ел дер кезінде дұрыс шаралар қабылдап, мүлде шығынсыз немесе аз шығынмен халқын аман сақтап қалды. Ал біздегі дәрі-дәрмек тапшылығы, емнің дұрыс берілмеуі, ауырған адамдарды жатқызатын ауруханалардың жетіспеушілігі, жауапты органдар мен лауазымды тұлғалардың жауапсыздығы мен біліксіздігі халықты шарасыз күйге түсірді, өлім-жітімнің негізсіз көбейіп кетуіне себеп болды. Көптеген жұрт бетін қайтарып үлгерген пандемия алдында біз дәрменсіздік танытып, елден ерекше үлкен шығынға ұшырап жатырмыз, – деп жазды профессор.
Оның айуынша, халық өзін-өзі емдеп, мемлекет қаржыландырып отырған органдар мен жауапты мекемелердің міндеттерін жеке азаматтар атқарып, халықтан қаржы жинап, елге көмектесуге кірісіп кетті.
Міне, бүгінгі өміріміздің шындығы осы. Бұл індеттен қайтыс болғандардың жалпы саны, жасы, таралу аумағы көрсетілген нақты ақпаратты алу да мүмкін болмай отыр. Пневмония мен COVID-19 екі түрлі ауру ретінде көрсетілуде. Ресми статистика шындыққа сәйкес келмейтінін кез келген көзі қарақты адам түсінеді. Шынайы ақпарат, нақты статистикалық мәліметтер ғана бұл індеттің таралуы мен қаза болғандар жөнінде қорытынды жасауға, одан сабақ алуға, қателіктерді анықтауға, болашақта да мұндай қатерлерге дайын болуға мүмкіндік береді. Сондықтан қоғамдық ұйымдардың бірі немесе бірнешеуі бірлесіп бүкіл ел аумағынан, барлық облыстан COVID-19-дан қайтыс болғандардың толық мәліметін жинап жариялауы, қоғамға ашық көрсетуге тиіс деп ойлаймыз. Бұл қазіргі жағдайға нақты баға беру үшін де, ертеңіміз үшін де өте қажет жұмыс, – дейді Шерубай Құрманбайұлы.
Сондай-ақ, ол қоғамдық ұйымдар қолға алмаса, бұл іспен айналысатын жаңа қоғамдық ұйым, орталық құрылғаны жөн деп санайды.
Біз ХХ ғасырда болған күшпен ұжымдастыру, ашаршылық пен қуғын-сүргін құрбандарының нақты санын, толық тізімін әлі күнге дейін ашық жариялап, оқулықтарымыз бен энциклопедияларымызға енгізе алмай отырған жұртпыз. Қазір көз алдымызда болып жатқан жағдай туралы да ертең сан түрлі болжам айтып, түрлі мәліметтер ұсынып, нақты айтуға болатын нәрсені сан-саққа жүгіртіп отырмау үшін қаза болған әр адам уақытылы тіркеліп, мәліметтер бүгін жиналуға тиіс. Соның негізінде осы індеттен қайтыс болғандар тізімі жарияланған ескерткіш орнатып, бейбіт заманда ажалдан арашалап қала алмаған отандас бауырларды еске алу күнін белгілеу, олар жөнінде толық мәлімет берілген кітап шығару – тірілердің міндеті. Бұл әркім өз ісіне жауап беретін адам тәрбиелеу мен білікті маман даярлау, әділетті, ізгі қоғам қалыптастыру, тарихтан тиісті сабақ алу үшін атқарылуға тиіс кезек күттірмейтін іс деп білеміз, – деді профессор Шерубай Құрманбайұлы.


Фото: ашық дереккөз
Загрузка...