Вирджиниялық Жансамал, Құралай, Ақмарал

1 Наурыз 2019, 13:07
9231
Бөлісу:
Вирджиниялық Жансамал, Құралай, Ақмарал
PHOTO

Қызылорда, BAQ.KZ тілшісі. Қызылорда облысында қонақта болған америкалық қыздарына қазақ есімдерін қойған.

АҚШ-тың Вирджиния штатында тұратын Тереза Пармер Ханкок Сыр өңіріндегі Шиелі кентінің тұрғындары Нұрлан мен Эльмира Шонабаевтарды өз ата-анасындай көреді. Бес-алты жыл бұрын Тереза жолдасымен төркіндеп те келген екен. 
 

Вирджиниялық Жансамал, Құралай, Ақмарал


 

«2003 жылы үлкен балам колледжге түсті, одан кейінгі ұл лицейге оқуға кеткен болатын. Үйде жұбайым екеуміз ғана қалдық. Балаларымызды сағынып жүргенде америкалық қызға ата-ана болуды ұсынды. Ол бір жобаның аясында балаларға ағылшын тілін үйретуге келген екен. Бастапқыда тілі мен діні бөлек жанға үйренісе аламыз ба деп алаңдадық. Дегенмен, Тереза қазақ ауылының тыныс-тіршілігіне бейімделіп, азғантай уақыт ішінде үй шаруасын жасауды үйренді. Қонақ күтіп, ас әзірлейтін. Бізді «мама», «папа» деп атады. Сол жылдары Аймираш есімді сәбиімді босанып, қуанышқа кенелдім. Тереза қызыма әпке болып, маған болысып, балаға қарасты. Сөйтіп жүріп, сабағын оқып, дайындалатын. Тағы бір қызық айтайын, аяғым ауыр күйімді көріп, әкесі үйде болмаған кезде сиырды падаға өзі қосқан. Үнемі кітап оқып жүреді. Жүзі жарқын. Туған-туыстың жиын-тойынан да қалдырмаймыз. Осылайша, Тереза отбасымызға сіңіп, қызымызға айналды. Үш жыл тәрбиемде болды», – дейді Эльмира Шонабаева. 
 

Оның айтуынша, америкалық қыз қазақ халқының балаға деген қамқорлығы мен мейіріміне ерекше қызыққан.

«Ол қызымыз ішіне жаман ой сақтамайды. Бірде басы ауырып, қызуы көтерілді. Қазақы ырыммен жерұшық бергем. Басында шошыңқырады. Кейін ауырып қалса, «ұшықтап жіберіңізші» дейтін болды. Содан соң қазақтың халық емі жайлы ізденіп, зерттей бастады», – деді ол. 

Эльмира Шонабаева Терезамен қимастықпен қоштасқанын айтады.

«Еліне қайтарда Аймираш сіңлісіне сағаты мен әмиянын сыйлап кетті. Темір жол вокзалында тұрғанда «мама, сөмкемізді ауыстырып алайықшы, бір-бірімізді ойға алып, ұмытпайтын боламыз» деді. Қызымды құшағыма ұзақ қысып тұрғаным есімде», – дейді ол. 

АҚШ-қа оралған Тереза бір жылдан соң Шиеліге келеді. Қазақ жеріндегі ата-анасымен көрісіп, сағынышын басады. 2013 жылы да жолдасы Майкл екеуі қызы Жансамал ертіп, төркіндеп кетеді.

Бертінде, Эльмира сырқаттанып, Түркия еліне емделуге барады. Сол уақытта Тереза қаржылай жәрдем берді.

«Туған күн, мейрамда хабарласып, құттықтап тұрады. Бізді Америкаға алдырып, қонақ еткісі келеді. Бұйырса, ол күнді де көрерміз», – деді. 

Тереза Шиеліде жүргенде Ақсамал атты оқушыны ағылшын тілінен ҰБТ-ға дайындаған болатын. Сол Ақсамалдың құрметіне қызының атын Жансамал қояды. Озат атанған оқушысы Құралайдың атын тағы бір қызына береді. Ал кіші қызына қазақ тілін үйреткен Ақмарал ұстазының есімін қояды.

Осыдан 8 жыл бұрын Тереза тұрмыс құрғанда тойына әріптесі Кенжегүл Жакенова барады.

«Вирджинияға барып, тойға қатысып, шашу шаштым. Қазақ салтымыздан айнымай, артынан көрпе-төсек апардым. Қыздың төркіні тараптан жасалатын жөн-жоралғыны көрсеттім. Ауылдың дәмі деп, құрт пен шай бердім», – дейді Кенжегүл. 

Бүгінде Тереза күйеуі екеуі АҚШ-та өз саласында еңбек етуде. 
 

Вирджиниялық Жансамал, Құралай, Ақмарал


 

«Қызылорда облысының Шиелі ауданында ағылшын тілінен сабақ бердім. Ол жақта мені өз қызындай көретін отбасым, ата-анам бар. Қазір Вирджиния университетінде испан тілінен дәріс оқимын. Жолдасым Майкл-Ханкок Орта Азия, оның ішінде қазақ тарихын зерттеуші. Үш қызымыз бар. Аттары – Жансамал, Құралай және Ақмарал. Шиеліні әлі күнге дейін сағынамын», – деп айта жүреді Тереза қазақстандықтармен кездескен сәттерде.

Өзгелердің жаңалығы