Central Asia’s Got Talent жеңімпазына 10 млн теңге беріледі

3 Сәуір 2019, 16:27
3391
Бөлісу:
Central Asia’s Got Talent жеңімпазына 10 млн теңге беріледі
Фото: автордан

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Орталық Азия таланттар шоуының жеңімпазына 10 млн теңге, ал өз елінде жеңімпаз атанған қатысушыға 3 млн теңге беріледі. Бұл туралы «Central Asia’s Got Talent» шоуының бас продюсері Серік Ақышев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Бұл байқауда жас ерекшелігіне қарамастан, төрткүл дүниенің барлық өнерпазы бақ сынай алады.

Ал желтоқсан айына жоспарланған шоу финалында Гран-при иегері анықталатын болады.

Сондай-ақ, жоба аясында Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан елдері арасында әріптестік байланыс орнату жөнінде меморандумға қол қойылды.

Аталмыш төрт мемлекет өкілдері атап айтқанда, «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаев, «Central Asia’s Got Talent» шоуының бас продюсері – Серік Ақышев (Қазақстан), Zoʻr TV телеарнасының продюсері – Тимур Алиев (Өзбекстан), КТРК Телерадио тарату корпорациясының продюсері – Қанатбек Құлтаев (Қырғызстан) және «ТВ Сафина» телеарнасының халықаралық байланыс бөлімінің басшысы – Наргиза Қасымова (Тәжікстан) алтын тетікті басып, жобаның алғашқы кезеңін, яғни іріктеудің басталғанын мәлімдеді.  

Central Asia’s Got Talent жеңімпазына 10 млн теңге беріледі

Байқауға қатысу үшін жобаның әлеуметтік желілердегі парақшаларына хат жазып, өтініш қалдыруға болады. 2019 жылдың қыркүйек айында Central Asia’s Got Talent шоуының тұсауы кесіледі. Ал желтоқсанда Гранд финал өтеді.

Ал «Хабар» Агенттігі» АҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Ринат Кертаевтың айтуынша, әлемдік деңгейде өтетін жобаның әділ қазылар мүшелері танымал жұлдыздардан құралады.

«Бұл жоба рухани-мәдени интеграцияны дамытуға өз септігін тигізетініне сенімдімін. Шоу таланттарға Орталық Азия еліне танылуға таптырмас мүмкіндік. Елімізде алғаш рет «Central Asia’s Got Talent» телевизиялық жобасы ұйымдастырылады. Қазақстандық телевизия саласында алғаш рет барлық талантты адамдарды бір алаңға жинамақпыз. Отандық арналардан бұған дейін ән, би, спорт және тағы басқа өнер бәйгелері өткен болатын. Ал, бұл байқауда кез келген дарынды адам өзінің бағын сынап көреді», - деп түсіндірді Ринат Кертаев.

Сондай-ақ, ол жобаның тағы бір ерекшелігі туралы айтып өтті.

«Бұл Орталық Азия елдеріне ортақ шоу болады, яғни бағдарламаға қазақстандықтармен бірге Өзбекстан, Қырғызстан және Тәжікстан мемлекеттерінің азаматтары да қатыса алады. Біздің басты мақсатымыз – өнерлі адамдарды іздеп, олардың бүкіл Орталық Азия мемлекеттеріне танылуына мүмкіндік беру», - деді Басқарма төрағасының бірінші орынбасары.

Жоба іріктеу, ашық тыңдалым, ширек финал, жартылай финал және ақтық финал сынды 5 кезеңнен тұрады. Алдымен барлық қатысушыдан өтініштер қабылданып, жоғарыда аталған 4 елде іріктеу кезеңі басталады. Үздіктерден жиналған таланттардың өнерін Орталық Азияның төрт елінің «Хабар», «Zo’r TV», «КТРК» және «ТВ Сафина» телеарналарынан көрсетіледі.

Өзгелердің жаңалығы