Мектепте информатика пәнін дұрыс өтпейді – жас стартапер

24 Ақпан 2019, 16:59
7506
Бөлісу:
Мектепте информатика пәнін дұрыс өтпейді – жас стартапер

Фото: inform.kz

Нұрсұлтан Пірімбетов 1993 жылы Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Байқоңыр электрорадиотехникалық техникумын, Мәскеу техникалық университетін тәмамдаған. Бүгінде ол «Астана хаб» резиденті. Нұрсұлтаннан Qazcar.kz атты каршеринг стартап жобасы туралы, Қазақстандағы IT саласы мен өзі секілді программистердің жағдайы қалай деген сұрақ қойдық.

Нұрсұлтан Пірімбетов 1993 жылы Қызылорда облысы, Байқоңыр қаласында дүниеге келген. Байқоңыр электрорадиотехникалық техникумын, Мәскеу техникалық университетін тәмамдаған. Бүгінде ол «Астана хаб» резиденті.


 

 

Нұрсұлтан Пірімбетов, «Астана хаб» резиденті
 

 

Каршеринг деген не?

Қосымша Ресейде әзірленген. Сол елде жүргенде қызығып, Қазақстанға осындай жобаларды әкелу ойда болды. Қиындықтар әлі де туындап жатыр. Еліміз дамуы үшін каршерингті әкелу міндетті болып отыр. Үлкен алпауыт компанияларға қарама-қарсы қазақтың жігіттері осындай бағдарлама жасап, елімізді дамытамыз деген ойдамыз.

Qazcar.kz каршерингісі – машинаны минуттық брондау жүйесі. 21 жасқа толған және жүргізуші куәлігі бар қазақстандықтардың көлік алып, машина айдауына мүмкіндік жасап жатырмыз. Телефонға қосымшаны көшіріп, тіркеледі. Сосын карта жүйесі ашылады. Картадан жақын жердегі машинаны таңдап, айдап кете береді.

Бұл сервистің прототипі қолымда бар. Автопарк иелерімен келісімшарт жүргізіліп жатыр. Кейбір автопарк иелері бағасына келіспей отыр. Болашақта бұл жүйені бәрібір әкелуге міндеттіміз. Бір автопарк иесімен кездесіп, сол кісілердің машиналарына iOS, Android жүйесіндегі платформамызды береміз. Мемлекеттік авторлық құқықты алып, бірге жұмыс істейді. Арада комиссиялық төлем, не әр машинаға ай сайын төлем аламыз. Мысалы Uber, Yandex ортадағы комиссия арқылы күн көріп жатыр. Неге бізге де солай істемеске?

Qazcar.kz каршерингі қалай жұмыс істейді?

Астана, Алматы, Шымкент қалаларындағы автопарк иелерін осы платформаға келуін сұраймыз. Платформадан 50 машинадан 2 млн долларға дейін табыс табады. Өйткені сіз айдайсыз, өзіңізге жақын жерге қоясыз да одан кейін басқа біреу айдап кетуі мүмкін. Ол машиналар тұрмайды. Мысалы, біз жұмыста машинаны бір жерге қоямыз, сол жерде кешке дейін тұрады. Ол машиналарды жөндеу, дөңгелектерін ауыстыру керек болады. Біздің жүйеде жөндемейсіз, автопарк иесі сіздерге күнделікті қызмет жасайды. Еуропаны алып қарасақ қай кезде отырсаңыз да тап-таза. Көлік жуу, автосақтандыру бәрін өздері ұсынады. Тек жақын жердегі тұраққа қойып кетесіз.

Әлемде алпауыт компаниялар каршеринг жүйесі арқылы 600 млн долларға дейін табыс тауып жатыр. «Мерседес» компаниясы тұрып қалған машиналарын каршерингке салады. Нью-Йорк қаласына өз жүйесін орнатты. Қазір Еуропа елдері қолданады. Осы арқылы байып жатыр. Ресейдің өзінде 21 компания, Мәскеуде 15 мың автокөлік бар. Содан біраз пайда тауып жатыр. Мемлекет субсидия бөлсе бюджетке екі есе ақша түседі. Астана қаласы әкімдігіне жобамды ұсынамын.

Жүйеде үш түрлі тарифтік жоспар бар

А санаты: автопаркте 50 машина болса айына бір машинаға 20 мың тг төлейді. 50 машинадан төмен болмау керек. Қосылу жарнасы – 20 млн теңге.

В санаты: әр түсімнен 20% транзакция алып отырамыз. Қосылу жарнасы – 15 млн теңге, ол кісілер qazcar жүйесімен, қосымшасымен жұмыс істейді.

С санаты: әр машинаға 20 мың теңге алып отырамыз, қосылу жарнасы – 35 млн. Автопарк qazcar емес, өз атауын қояды, логотипімен қосымша дайындап береміз.

50 машина болса адамдар минутына 50 теңгеге жалға алады. Дүниежүзінде каршеринг ең кемі күніне 12 сағат қолданылады. 12 сағат тоқтаусыз жүреді. Сонда 50 машинаның 1 айлық табысы 54 млн теңге, 1 жылда 648 млн, 5 жылда 3 млрд 240 млн теңге табыс әкеледі. Екі ортада платформада көретініміз – комиссия. Компанияға төлеу керек, біз де күн көруіміз керек. Бизнесмендер болсын, автопаркі барларға платформамды беруге дайынбыз.

Платформаны жасауға алты айдай уақыт кетті. Қазір командада 3 адам жұмыс істейді. Болашақта қызметкерлердің санын 20 дейін арттырып, IT компания болу. Қазір мұнадай компаниялардың жағдайы өте ауыр. Мемлекеттік тарапынан гранттар IT компанияға тиіп жатқан жоқ. «Технологиялық даму жөніндегі ұлттық агенттікке» жобамызды қанша өткізгенмен грант алу қиын. Программистер өз күнін өзі әзер көріп жатыр. «Астана хабқа» мемлекеттен қаражат бөлініп жатқан жоқ. Болашақта үлкен IT компания болуға тырысу керекпіз.

Қазақстан жастары шетелге кетіп жатыр

Үлкен компанияларда айлық жоғары. Қазақстанда програмистердің жалақысы аз, 300 мың теңге. Қазақ програмистерінің айлығын 3 млн теңгеге дейін көтерсек деген мақсат бар. Олар да жақсы өмір сүрулері керек. Талпыныс беретін болсақ алпауыт компания пайда болуы мүмкін. Қазақстанда қазір бұл саланы Egov, «Зерде» ғана басқарып тұр. Бұл жағдай өзгеруі тиіс. Коммерциялық компаниялар пайда болуы керек. Олар пайда болса алпауыт жүйе, бәсеке пайда болады. Назарбаев неге «отандық өнім», «Қазақстанның костюмі» деп жатыр. Шетелдің өнімін алсақ ақша шетелге кетіп жатыр. Ал қазақстандық өнімді алсақ елдегі компанияға кетіп жатыр, яни ақша өзімізде қалады. Шетелге кеткен ақша Қазақстанға оралмайды. Цифрландыру болған соң шетелден қалысып келе жатырмыз. IT компания басында оған қатысы жоқ адамдар отыр. Болашақта өзгереді деген сенімдемін. Қазір мемлекеттен қолға алынып жатыр. Салықтан босатып жатыр, «Астана хабты» ашты. Шетелде мұндай жағдай жоқ. .

10-15 жыл ішінде IT бойынша шетелді қуып жетуіміз мүмкін. Ресейде бәсеке бар, «Яндекс», өздерінің пошта сервисі бар. Бізде бар ма? Өзіміздің «гугл» секілді компаниямыз болған кезде ғана «міне үлкен жетістікке жеттік» деп айта аламыз. Құжаттарымның бәрін «гуглда» сақтаймын. Бүкіл мәліметім Америкада жатыр. Соның бәрі Қазақстанда болса деген арман. Үлкен алпауыт компания туған кезде қаражатымыз өзімізде қалатынына сенімдімін.

Стартапер деген – енді отырғызылып жатқан ағаш. Жер жақсы болса гүлденіп кетеді, ал жер нашар болса, мемлекет оған көмектесіп, су құймаса көтерілмейді. Ол коммерцияға, алпауыт компанияға түскен кезде ол жақсы да, жаман да болуы мүмкін. Дамымай құлап жатқан компаниялар да бар. Америкада қаншама біз секілді әлеуметтік желілерін, ойындарын шығарып жатқан жігіттер көп. Оның ішінде көтеріліп кеткені өте аз. Құласа, ол аяғына тұрады. Стартаперлерге мемлекет жағынан көмектесу керек. Жақсы команда болса, қаражат бөлсе, жобаның прототипі болуы керек. Бізде венчурлық компаниялар жоқтың қас.. Сондықтан IT мәселесінде аяғымыз ақсап тұр. Болашақта барлығы жақсы болады.

Мектепте информатика пәнін дұрыс өтпейді

Мектепте информатика сабағында «уорд» пен «экзельді» ашады да, мәз қып жібереді. 7-9 сынып кітаптарын ашып қарасам «Паскаль», «Делфи» деген бағдарламалар үйрету керек екен. Ал мен оларды колледжде үйрендім, мектепте үйреткен жоқ. Соны дамыту үшін Назарбаев университетінің кітаптарын ашып қарасақ, үлкен бағдарламаларды оқытады. Бірақ балаға ауыр болмай ма деп ойлаймын. Мектептен университетке дайындау керекпіз. Сол кезде ЖОО-ға базасы бар адам барады. Бір сыныптан бір IT маманы шықса қуанамын. Программалау тілін университетте оқығанмен де практика аз. Жұмысқа тұрып, фрилансер боп қана үйреніп жатырмыз. Білім жағынан дамыту керек. Мектепте білмеген соң университетте алып кету қиын.

БҒМ-ға шақырту алдым. Білім және ғылым комитетіне келіп кітапты қарап кетсеңіз деді. Кітап жүйесін ауыр ма, жеңіл ме балаға қарау керекпіз. Ауыр болса да болмайды. Парктика жүзінде оңай қылып, қызықтыруымыз керек.

Қазақстанда мұғалімдер тапшы. Мектеп мұғалімі боп жұмыс істегім келеді. Бірақ 60 мың теңгеге кім жұмыс істейді. Ең кемі 150-200 мыңға жеткізсе деймін, сол кезде ауылдағы мектептерге жақсы IT мамандар барып, сбаақ береді.

Президент IT университет құруға тапсырма берді. Одан бөлек программистерге арнайы курстар ашылса екен. Бізде өз-өзі үйренгендер көп, дарынды балалар да бар. 4-5 жыл баланы оқытады. Жыл сайын екі тілден үйренеді. «Астана хаб», IT университет, Астана биржасын неге «Экспо» жанына жинап жатыр? Мемлекет басшысы университетте білім алып, стартапын құрып, үлкен IT компания шықса, оларды биржалық қорлар, инвесторлар келіп қаржыландырса деген мақсатпен ашты.

Үкімет халыққа жақындауы керек

Үкімет бізге жақындаса дейміз. Біз қанша жүгіріп жатырмыз. Астана қаласының әкіміне кіре алмай жатырмыз. Kazakh Invest-ке жобаларды жолдап жатырмыз. Ешқандай жауап жоқ. Бізге олар беруге міндетті де емес. Бірақ бәріне бей-жай қарасақ тағы болмайды. Қазақстан дамуы керек, Үкімет халыққа жақындауы тиіс. Кино саласына. Жақындамасақ біз 30 мемлекеттің қатарына кіруіміз өте қиын болады. IT мәселесіне кино саласы да кіреді, өйткені видеомонтаждау, видеооператорлық та, дизай бар. Қазақстан комедия ғана түсіреді, неге фантастика түсіре алмаймы? Қазақстанда басқа жүйелер бар ғой, ең болмағанда банк төлем карталарымызды шығармаймыз? Қытай өзінікін ашты, Ресейде «Мир» деген карта шықты. Олар ешкімге төлегісі келмейді. Біз әлі шетелге Visa, MasterCard арқылы шетелге ақша асырып жатырмыз. Қазақстанда қашан өзінің платформасы дайын болады, соны ойлану керекпіз. «Даму» банкі бизнесті қолдайды дейміз, онда үлкен транзакция жүйесі жоқ. Бизнес ашуымыз керек деп хабарлассақ құжаттарды жинап банкке кел дейді. Екі арада жемқорлық пайда болады. Неге автоматизация жүргізбейміз? Бүкіл банкті қойып, бәрін электронды түрде сауал жіберейік. Цифрландыру, автоматтандыру жүрген кезде екі ортада жемқорлық болмайды. Мысалы, мекенжай анықтамасын алатын кезде «егов» болмағанда, басқалардың қалтасына ақша тастайтын едік. «Еговтың» дамып жатқанына қуанамын. Мемлекеттік жүйеге қаражат бөлінгеннен кейін өзін дамытады. Коммерциялық жобаларға келгенде Қазақстан артта келе жатыр.

Автокөліктерге сақтандыру жүргізіп жатыр. Олардың базасы болса да полиция әлі де жүргізушілерді тоқтатады. Неге рөлде отырған адамды сканерлеп, сақтандыру бар ма жоқ па камерамен анықтап, айыппұл салуға болмайды? Полиция шетелде біз сияқты тоқтатып жүрмейді. Оларды мұндай бос міндеттен алып тастап, тек бізге көмектесу үшін келу керек. Жағдай болып қалған кезде заң тұрғыда көмектесу керек. Полиция деген ұғым солай болуы керек. Қазақстанда айыппұл жазып береді, адамды жазалау керек, дұрыс. Бірақ мұны цифрландырумен-ақ шешуге болады.

Шетелге қаша берсек, бұл жер кімге керек?

Елге шетелден инвестицияны президент, премьер әкеледі. Қазақстанға инвестиция көп тарту керек. Жеке компаниялар шығарған өнімдерімен тартуға олады. Қазір елде тек қаражаты бар, үлкен бай кісілерде инвестиция келеді. Ал қарапайым халыққа инвестиция жүрмей жатыр. Жобамды берген соң акционерлік қоғамдарда, министрліктерде «инвестиция тапсақ» деген ниет болу керек. Болашақта табамыз. Шетелден болсын тауып әкелу керекпіз. Жәймен әкеліп жатыр, жоқ деп айта алмаймын. Қазақстанның жасы 27-де, өте жаспыз. Қазақстанның жасы 50-ге келсе дүние жүзінің алпауыт елі болады деп ойлаймын.

Екі компанияда фрилансерлік қызмет жасаймын. Қасымызда мықты мамандар бар. Шетелге кетіп қалған жігіттер болды. Америкадағы баламен сөйлескенде айына 20-25 мың доллар табыс табамын дейді. Бәрібір өз еліңді сағынасың. Елімізді дамыту – біздің міндетіміз. Қаша беретін болсақ, бұл жер кімге керек? Осы жерді қорғап, дамыту керек. Дүниені қуып кете берудің қажеті жоқ.

NurinTech конкурсынан 1-орын алдым, бір млн теңге берді. Жастар жылының ашылу салтанатында сөз сөйлеуім керек еді, ауырып қалып бара алмадым. Болашақта президентпен кездесу арманым.Мықты программист жігіттер көтерілсе ғой деймін. Жастар 30-ға дейін қамал ала алмаса, қай кезде алады? Жастар жылында қазақстандықтар, жастар алға жылжыса, армандары орындалса деймін.

Кемінде 20 программиске айлық беріп отырғым келеді

Мемлекетті сынаушылар көбейіп кетті. Мемлекеттен сұрай беруге де болмайды. Өзің қимылдамасаң, жүгірмесең ештеңе шықпайды. Бағдарламалар көп қой, бизнеске гранттар бөледі. Жүгірмесең ала алмайсың. «Істеймін, адам болам» деген жастарға бөлініп жатыр. Ізденіп, талпынсақ бәрі болады.

Миллион идея келеді. Жассың, істегің келеді. Соның біреуін алып, мемлекетке ұсынып, істеу керекпіз. Болмағанда 10-20 программистпен жұмыс жасап, оларға айлық беруді армандаймын. «Жақсы жігіт өзінің қара басын ойламайды, қара басын ит те ойлайды» дейді ғой. Бауырлық қатынасымыз тығыз болса үлкен компания боламыз деп есептейміз. Алпауыт компанияларда жағдай жасалған. «Яндекстің» Мәскеудегі кеңсесіне барғанда тоңазытқышты ашасың, тамақ тегін. Жататын жері бар, кеңседе ұйықтағың келе ме, ұйықта. Қытайлық компанияға қарасақ, күнде жұмыстан кеш шықсаң такси тегін. Программист қарапайым адамдар секілді ойламайды, олар тереңірек, өнімді жылжытуды ойлайды. Қарның ашып отырса бұл – проблема, офиста барлық жағдай жасалса жұмыс істегісі келе береді.

Қазақстан жақсы жерде орналасқан, өте кең. Логистика мәселесін де дамыту керек. Кеденнің цифрландыруы олақ екенін әлі көріп келе жатырмын. 1-2 рет шетеледен тауар өткізіп көрдім, олақтығы көп. Мемлекетке кінә тақпаймын. Жобаны компаниялар ұтып алады, соңына дейін қарамайды. Келісімшарт бойынша 2-3, 5 жылға дейін қарау керек. Жастар жылында барлық жас мүмкіндіктерді ұтымды қолданып, уақытын жоғалтпай, жақсы білім алып, елін жерін көркейтсе қуанамын.

Назерке Абибулла

 

 

Өзгелердің жаңалығы