Газбен жүретін көліктер автотұрақтарға кіре алмайды

14 Ақпан 2020, 17:01
2515
Бөлісу:
Газбен жүретін көліктер автотұрақтарға кіре алмайды

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Қазақстанда бұдан былай газбен жүретін автокөліктер жабық типтегі тұрақтарға кіре алмайды. Яғни, газбаллонды жабдықпен жарақталған автомобильдердің жерасты тұрақтарға кіруіне Заңмен тыйым салынды. 

Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында өткен баспасөз брифингінде мәлімдеді. 

Төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккер өрт қауіпсіздігі қағидаларына сәйкес жаңадан енгізілген өзгерістер мен қойылатын талаптар туралы айтып берді. 

2019 жылғы желтоқсанда Үкіметтің қаулысы қабылданды. Онда өрт қауіпсіздігі қағидаларына газ баллонды жабдықпен жарақталған автомобильдердің жабық типтегі тұрақтарға кіруіне тыйым салу бөлігінде өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Соған сәйкес газбен жүретін автокөліктердің жабық типтегі тұрақтарға кіруіне тыйым салынды, - деп хабарлады ол бүгінгі баспасөз брифингінде. 

Бұл орайда, Владимир Беккер бұл мәселенің неге көтерілгенін және осындай қадамға бару себебін түсіндіріп берді. 

Мұндай шараларды біз 2018 жылы да жүргізген болатынбыз. 2019 жылы соңғы үш жылда орын алған барлық өрт шығу оқиғаларына анализ жасай отырып, газ баллонымен жарақталған автомобильдерге байланысты өрт шығу фактілері жиілегенін анықтадық. Статистикаға сүйенсек, республика бойынша жыл сайын автокөліктерде 2 500-ден астам өрт шығады екен. Салдарынан, соңғы 3 жылда газбаллонды жабдықпен жарақталған автомобильдердің қатысуымен 374 өрт шыққан. Салдарынан қаза тапқандар мен зардап шеккендер бар, - деді ол. 

Оның айтуынша, соңғы төрт жыл ішінде (2016-2019 жылдары аралығында) газ қондырғысы бар көліктерде 374 өрт болып, салдарынан 5 адам қаза тапқан. Оның ішінде 2 бала көз жұмып, 34 адам (3 бала) жарақат алған. 

Мәселен, 2016 жылғы тамызда Ақтөбе облысындағы "Самара-Шымкент" тас жолында қозғалтқыш бөлігіне ауа-газ қоспасының ағып кетуі кесірінен "Тойота Хайландер" автокөлігі толығымен өртеніп кеткен. Өрт салдарынан 2016 жылғы 1 бала қайтыс болып, 4 адам жарақат алған.

Өзгелердің жаңалығы