Call-center 1406. Карантин кезінде орталық жұмысына 150 маман тартылған

5 Мамыр 2020, 15:46
2642
Бөлісу:
Call-center 1406. Карантин кезінде орталық жұмысына 150 маман тартылған

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ тілшісі. Бұл туралы "Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры" басқарма басшысының орынбасары Марат Шоранов ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің медиа орталығында өткен тікелей эфир барысында айтты.

Марат Едігеұлы медициналық сақтандыру қорының 1406 бірыңғай байланыс орталығының қалай құрылғанына, негізгі мақсат-міндетіне тоқталды.

Әуелде бұл орталық Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесіне қатысты халықты мазалаған сұрақтарға жауап беру мақсатында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап құрылған болатын. Кейін коронавирус індетінің алдын алу мақсатында ақпан айынан бері Денсаулық сақтау министрлігінің тапсырмасымен байланыс орталығын халыққа коронавирус жайында ақпарат беретін орталыққа ауыстырдық. Ал, наурыз айында қоңыраулардың көбейгенін байқадық. Күніне 10 мыңға жуық қоңырау түседі. Жалпы алғанда, төтенше жағдай жарияланғаннан бастап бүгінге дейін 300 мыңнан астам қоңырау түскен. Халыққа барынша жылдам әрі нақты ақпарат беру мақсатында біз Call-орталықтың мамандар санын 150-ге арттырдық, - деді ол.  

Марат Шоранов бірыңғай байланыс орталығы жұмысына қордың 17 аймақтық филиалы да тартылғанын айтты.

Әр аймақтық филиалдан қосымша жұмыс орындарын ашып, қызметкерлер тәулік бойы ауысыммен қызмет етті. Алғашқы кездері қоңыраулардың басым көпшілігі коронавирус инфекциясының симптомдарына, қорғану шараларына қатысты болды. Кейін маска, қолғап, қорғаныш киімдеріне қатысты сұрақтар түсті. Ал, төтенше жағдай режимі қатаңдатылған кезде блок-посттарға, әуе және теміржол тасымалына, білім беру ошақтары, сауда орындары, халыққа қызмет көрсететін өзге де мекемелердің жұмыс режиміне қатысты сұрап жатты. Жағдай сәл саябырсыған кезде халықты мазалаған сұрақтар қатарында әлеуметтік көмек, 42 500 теңге, бірыңғай жиынтық төлемге (БЖТ) қатысты сауалдар болды, - деді ол.  

МӘМС өкілінің айтуынша, 1406 бірыңғай байланыс орталығының алдында халыққа нақты ақпарат беру міндеті тұрды.

Өзгелердің жаңалығы