БЖЗҚ-да қанша қаражат бар?
13 Қазан 2021, 13:23 1196

БЖЗҚ-да қанша қаражат бар?

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. БЖЗҚ Нұр-Сұлтан қалалық филиалының директоры Мұрат Шарипов «Желмая» жобасында зейнетақы қорында қанша қаражат барын және биыл оның қаншасы пайдалануға берілгенін айтты.

Зейнетақы қорында қазір 12,9 трлн-нан астам теңге бар. Биыл 2 трлн-дай қаражат берілді, оның 1,8 трлн-ы тұрғын үйді жақсарту мен емделуге берілген. Соған қарамастан қорға ақша жиналып, уақытылы түсіп жатыр,-деді ол.

Көптеген азамат зейнетақы қорындағы қаражаттың бір бөлігін тұрғын үй алуға және емделуге алып жатыр. Шариповтың айтуынша, бұл келешекте олардың зейнетақы мөлшеріне қатты әсер етеді.

Былтырдан бері Президенттің тапсырмасымен заңға өзгеріс енгізіліп, кейбір азаматтар қордағы ақшасын пайдалануға алып жатыр. Дегенмен, ол үшін жан-жақты ойланып барып шешім қабылдаған жөн. Мәселен, қорға жинаған ақшаны бүгін жаратып тастасаң, ертең зейнетке шыққанда қандай ақшаға күн көресіз, ол жағында ойлау керек,-дейді филиал директоры.

Сонымен қатар ол азаматтар соңғы кезде зейнетақы аударымдарының уақытылы түсуіне көп мән беретін болғанын жеткізді.

2020 жылға қарағанда биыл зейнетақы аударымдары көп түсіп жатыр. Көптеген азаматтар «қорға түк ақша жинамаппыз» деп, енді белсенді түрде аудара бастады,-дейді Шарипов.

Сонымен қатар ол өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандарда зейнетақы жарнасын «Ерікті зейнетақы шоты» арқылы аудару мүмкіндігі барын жеткізді.

Мәселен, такси болып күнелтіп жүргендер үшін Бірыңғай төлем деген бар. Бұл 1 АЕК ретінде, ауыл азаматтары соның жартысын төлейді. Оны төлеген азаматтың зейнетақы өтілі жүріп тұрады. Қосымша «Ерікті зейнетақы шотын» ашып, соған тауып отырған пайдасынан төлеп отырса болады. Ол жерде төлем жағынан балалары немесе жақындары көмектесе алады, кейін жұмысқа орналасқан жағдайда жұмыс берушімен соған аудару жөнінде келісімшарт жасай алады. Зейнетақы аударымы үшін ЖК немесе ЖШС ашу міндетті емес,-деді ол.




Фото: ашық дереккөз
Загрузка...