БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі 10 798,31 млрд теңгені құрады

23 Қаңтар 2020, 22:37
1680
Бөлісу:
БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі 10 798,31 млрд теңгені құрады

Алматы, BAQ.KZ.  2020 жылдың 1 қаңтарына қарай ҚР Ұлттық Банкінің сенімгерлік басқаруындағы БЖЗҚ зейнетақы активтерінің көлемі – 10 798,31 млрд теңге болды. Бұл туралы БЖЗҚ баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылы зейнетақы активтерінің табыстылығы 6,57 пайызды құрады. Ал инфляция деңгейі осы кезеңде 5,4 пайыз болды. Бұл зейнетақы активтерінің нақты табыстылығы оң сипатқа ие екендігін көрсетеді, - делінген хабарламада.   

2019 жылы есептелген инвестициялық табыстың жалпы сомасы 699,77 млрд теңгеге жеткен. Зейнетақы активтері бойынша алынған инвестициялық табыстың құрылымы мынадай: бағалы қағаздар, орналастырылған салымдар және "кері РЕПО" операциялары бойынша сыйақы түріндегі табыстар 665,06 млрд теңге, бағалы қағаздарды нарықтық қайта бағалаудан болған табыстар 35,35 млрд теңге, шетелдік валютаны қайта бағалаудан түскен табыстар (шығындар) 7,37 млрд теңге, сыртқы басқарудан түскен табыстар 12,94 млрд теңге, басқа активтерді (ТҚҚ) қайта бағалаудан түскен табыстар (шығындар) 19,8 млрд теңге, сондай-ақ басқа да табыстар 44,69 млрд теңгені құраған.
 
Қордың зейнетақы активтері портфелінің басым бөлігі Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына (40,45 пайыз) тиесілі. Өйткені ол тұрақты және табысты қаржы құралы. Бұл бағалы қағаздардың ағымдағы құны – 4 368,01 млрд теңге. Жыл басынан бергі өсім – 7,64 пайыз. Есепті күнге қарай теңгеде номиналданған ҚР мемлекеттік бағалы қағаздарының өтелуіне қатысты орташа алынған табыстылық жылына 7,8  пайыз, ал АҚШ долларында жылына 4,4 пайыз болды, - делінген хабарламада.  

2020 жылдың 1 қаңтарына қарай шетелдің мемлекеттік бағалы қағаздарының (МБҚ) қазіргі құны – 1 235,06 млрд теңгені құрап, портфельдегі үлесі – 11,44 пайызды көрсеткен. Есепті күнге қарай БЖЗҚ зейнетақы активтерінің портфеліндегі шет елдердің МБҚ өтелуіне қатысты алынған орташа табыстылық шетел валютасында жылына 2,2 пайызды құрады. 
2020 жылдың 1 қаңтарына қарай Қазақстан Республикасының квазимемлекеттік ұйымдары облигацияларының портфельдегі үлесі – 14,86 пайыз болды. Осы қаржы құралының ағымдағы құны – 1 604,96 млрд теңге. Жыл басынан бергі өсім – 23,47 пайыз. Есепті күнге қарай ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының теңгеде номиналданған облигациялары бойынша алынған орташа табыстылық жылына 10,4 пайызды, ал АҚШ долларында 5,0 пайызды көрсетті,-делінген хабарламада. 

Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің қаржы құралдары былайша көрсетілген: портфельдің 10,96 пайызы осы банктердің облигацияларына тиесілі. Олардың ұлттық валютадағы жылдық табыстылығы – 10,0 пайыз, ал АҚШ долларында – 6,4 пайыз. Депозиттердің үлесі – 2,36 пайыз, ал олардың орташа алынған жылдық табыстылығы теңгеде – 9,1 пайыз. 
Атап өту керек, 2019 жылы зейнетақы активтерін Қазақстанның екінші деңгейдегі банктерінің депозиттеріне орналастыру көлемі 22,74 млрд теңгеге (немесе 8,19%) төмендеді. 
  
Қордың зейнетақы активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдарының инвестициялық портфелі валюталық тұрғыда былайша келтірілген: ұлттық валютада жасалған инвестиция көлемі – 66,69 пайыз, АҚШ долларында – 30,20 пайыз, басқа валюталарда – 3,11 пайыз болды, - делінген хабарламада. 

Қордың сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтері портфелінің құрылымдық үлестірілімі БЖЗҚ инвестициялық декларациясына толығымен сәйкес келеді.


Өзгелердің жаңалығы