"БЖК-2025" бағдарламасына өзгеріс енгізілді

25 Маусым 2020, 09:05
2248
Бөлісу:
"БЖК-2025" бағдарламасына өзгеріс енгізілді

Алматы, BAQ.KZ тілшісі. Биыл "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша салаларды қамту елеулі түрде кеңейтілді. Яғни "БЖК-2025" бағдарламасына шағын және микробизнеске микрокредит беру тетігі енгізілді.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев  2018 жылғы 5 қазандағы "Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру" атты Қазақстан халқына Жолдауында "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдараламасының қолданылу мерзімін 2025 жылға дейін ұзарту керектігін тапсырған болатын. Одан бөлек осы бағдарламаны жүзеге асыру үшін жыл сайын қосымша кемінде 30 миллиард теңге бөлуді тапсырған.

Соның арқасында ШОБ-қа жеңілдікпен несие беру құралдары биылдан бастап кеңейтілген. "Бизнестің жол картасы" бағдарламасы бойынша салаларды қамту елеулі түрде кеңейтілді. Яғни "БЖК-2025" бағдарламасына шағын және микробизнеске микрокредит беру тетігі енгізілді. Қарыз алушылар үшін соңғы мөлшерлеме 6% құрайды. Микрокредит сомасы 5 млн теңгеге дейін, ал өндірістік қажеттіліктерге 20 млн теңгеге дейін. 

Одан бөлек отандық тауар өндірушілер үшін мемлекеттік сатып алу рәсімдері жеңілдетілді. Ұлттық банк бағдарламасы және БЖК-2025 желісі бойынша шағын және орта бизнесті қолдауда қызмет түрлері кеңейтілуде, несиелеу рәсімдері жеңілдетіліп жатыр. Сондай-ақ "БЖК-2025" мемлекеттік бағдарламасында бизнес үшін микрокредиттерді субсидиялауды қарастыратын, мөлшерлемесі 6%-дан аспайтын жаңа "Микрокредиттеу" бағыты пайда болды. 

Сондай-ақ, БЖК-2025 бағдарламасы аясында 2019 жылы 30 мыңнан астам кәсіпкер оқытылған. 

ҚР Ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, 2019 жылы және 2020 жылдың 4 айында бағдарламалар арқылы 6 мыңнан астам жоба бойынша қаржылық қолдау көрсетілген. Сонымен қатар, БЖК аясында 197 млрд теңге сомасына 3 100 жоба қаржыландырылған.
2015 жылы ЖІӨ-дегі ШОБ үлесі 24,9% құраған. Өткен жылы бұл көрсеткіш 30,8% болған. Ұлттық экономика министрлігі 2025 жылы ШОБ үлесін 35%-ға дейін арттыруды көздеп отыр. 

"Бизнестің жол картасы-2025" бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысында Бағдарламаны іске асыруға 2020 – 2024 жылдары 461 021 148 мың теңге көлемінде бюджет қаражаты жұмсалатыны көрсетілген. Мәселен, 2020 жылы республикалық бюджеттен 97 526 257 теңге,  жергілікті бюджеттен 30 000 000 теңге бөлу қарастырылған.

Өзгелердің жаңалығы