Бас жаңалықтар
Бюджеттен 100 млн теңге жымқырғандарға сот үкімі шықты
04 Сәуiр 2019, 12:35 633

Бюджеттен 100 млн теңге жымқырғандарға сот үкімі шықты

Нұр-Сұлтан, BAQ.KZ. Елордада 100 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жымқырғандар ұсталды, деп хабарлады Нұр-Сұлтан қаласы прокуратурасының баспасөз қызметі.

«Елорда прокурорлары жымқыру фактісі бойынша істі сотқа жеткізді. Электр және жылу энергиясының тарифтерін белгілеуге қатысты өткен жылдың тексеріс қорытындысы шықты. Ол бойынша «Астана - Энергия» Ақ басқарма төрағасының орынбасары О.В.Уткин мен «Тесла» ЖШС директоры И.А.Веселыйға қатысты бөтеннің мүлкін ірі көлемде жымқыру фактісімен сотқа дейінгі тергеу аяқталды», - делінген прокуратура хабарламасында.

2015 жылдың наурыз айында «Астана-Энерго» АҚ жалпы сомасы 375 млн теңгеге «Фирма Акназар» ЖШС-мен келісім жасаған. Келісім ЖЭО-1,2 жылуының коммерциялық есебіне автоматтандырылған жүйені орнату бойынша жасалған. Келісімдегі шарттарды орындау үшін ЖШС басқа бір қосалқы мердігер «Тесла» ЖШС-ны тартқан. Ол компанияның басшысы И.А.Веселый болып, жауапты міндет соған артылған. Құрылыс-экономикалық сараптама бойынша соттағы қорытындыға сәйкес, орындалған жұмыстың көлемі мен бағасы жобалық-сметалық құжаттамада бекітілген құжаттағы көлем мен бағаға сәйкес келмеген. Ақыр соңында, жүзеге асырылмаған қызмет пен жеткізілмеген құрылғының бағасы 103 млн теңгені құраған.

Істі тергеу барысында О.В.Уткин мен И.А.Веселый өздеріне тағылған айыппен толық келісіп, кінәні мойындау туралы прокурормен процессуалдық келісімге келген.

Мемлекетке келтірілген шығын толық көлемде қалпына келтірілді. Сонымен бірге, жобаның жүзеге асуын бақыламай, бюджет қаражатының жымқырылуы қылмысында көмек көрсеткені үшін ЖЭО-1 және ЖЭО-2-нің бірқатар лауазымды басшысы мен директоры қылмыстық жауапкершілікке тартылды.

Нұр-Сұлтан қаласының Байқоңыр аудандық №2 сотының үкімімен О.В.Уткин 4 жылға сотталып, И.А.Веселый 3,5 жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.

Сот үкімі күшіне енді.



Фото: ашық дереккөз
Загрузка...