Бас жаңалықтар
Шымкентте ауыл шаруашылық тауарын өндіретін 177 нысанға мемлекеттен субсидия берілген
28 Ақпан 2021, 16:20 429

Шымкентте ауыл шаруашылық тауарын өндіретін 177 нысанға мемлекеттен субсидия берілген

Шымкент, BAQ.KZ тілшісі. Шымкент қаласында ауыл шаруашылығы саласына қатысты кәсіпкерлік нысандарының саны 3000-нан асады. Бұл туралы Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының басшысы Асқар Қаныбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, мал, егін, бал, балық шаруашылығы бойынша барлығы 3247 кәсіпкерлік нысаны бар. Басқарма басшысы 2020 жылы Шымкентте ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіп түрлерін дамытуға қандай мемлекеттік бағдарламалар аясында қандай қолдау көрсетілгенін айтып берді.

Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 848,7 миллион теңге бөлінді. Ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін қолдау үшін бұл қаржы оларға барлығы түрлі бағыт бойынша берілді,-дейді Асқар Қаныбеков. 

Атап айтқанда, инвестициялар салынған жағдайда агроөнеркәсіптік кешен субъектісінің шығындарының бір бөлігін өтеуге; мал шаруашылығы, соның ішінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы саласында өндірілетін тауар өнімділігі мен оның сапасын арттыруға; ауыл шаруашылығына мал, техника және технология жабдығын сатып алу үшін несие беру, сонымен қатар қымбат бағалы техниканы лизингке алғанда сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға; мал шаруашылығы саласында терең қайта өңдеуден өткізілетін өнімдерді өндіру үшін ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға жұмсайтын өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялауға; тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға қолдау көрсетіліпті. 

Қазіргі таңда Шымкент қаласының ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының ауылшаруашылық кәсіп түрлерін дамытуға арналған субсидиялаудың бірнеше түрі бар. 

Потенциалды инвесторларға мемлекет тарапынан несиемен қамтамасыз етілген кәсіпорындарды сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау бағдарламасы аясында айналым қаражатын толтыруға алынған несие бойынша 7 пайыз, ауылшаруашылығы техникасына алынған несие 10 пайыз субсидиялау, Инвестициялық шығынның 25 пайызын өтеу, Тыңайтқыштардың 40 пайыз құнын арзандату жеңілдіктері қарастырылған, - дейді Асқар Қаныбеков. 

Оның айтуынша, былтыр Шымкентте ауыл шаруашылығы саласында кәсіп ашуға, дамытуға берілген субсидияларды ауыл шаруашылық тауарларын өндіретін 177 тауар өндіруші алыпты. 

Жоғарыда аталған 2 848,7 миллион теңге қаржы әр бағыт бойынша бөлініп берілген. Соның ішінде ең көп субсидия инвестиция салынған агроөнеркәсіптік кешен шығындарын өтеуге төленіпті. 

Инвестициялар салынған жағдайда агроөнеркәсіптік кешен субъектісі көтерген шығыстардың бөліктерін өтеуге-1080,1 миллион теңгені 12 кәсіпкерлік нысаны алған. 

Ал асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімдерінің өнімділігі мен сапасын арттыруға-1069,3 миллион теңгені 102 тауар өндіруші алыпты. 

Ауыл шаруашылығы малын, техниканы және технологиялық жабдықты сатып алуға кредит беру, сондай-ақ лизинг кезінде сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға-137,9 миллион теңге бөлініп, сол бойынша 21 келісімшартқа төленіпті. 

Мал шаруашылығы саласында терең қайта өңдеуден өткізілетін өнімдерді өндіру үшін ауыл шаруашылығы өнімін сатып алуға жұмсайтын өңдеуші кәсіпорындардың шығындарын субсидиялауға-424,1 миллион теңгені 5 тауар өндіруші алған екен. 

Тыңайтқыштардың құнын субсидиялауға -122,1 миллион теңгені 37 тауар өндірушіге төлеген.

 




Фото: дереккөз
Загрузка...