Былтыр eGOV.kz арқылы 27 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді

18 Ақпан 2019, 13:36
1761
Бөлісу:
Былтыр eGOV.kz арқылы 27 млн мемлекеттік қызмет көрсетілді

Астана, BAQ.KZ тілшісі. «Ұлттық ақпараттық технологиялар» басқарма төрағасы Әсет Тұрысов 2018 жылы «Электрондық үкімет» порталында атқарылған жұмыстар туралы баяндады.

«2018 жылы «ҰАТ» АҚ арқылы сүйемелденетін ақпараттық жүйелердің қолжетімділік индексі 99,95 пайызды құрады. Соңғы 10 жылда eGOV.kz порталын пайдаланушылар саны 800 есеге артты. 2009 жылы 10 мыңға жуық қолданушы болса, бүгінде 8,6 миллионнан асып отыр», - деді Әсет Тұрысов ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуныша, бүгінде eGOV.kz порталы арқылы 235 қызмет көрсетіледі, ал 2018 жылы 27,5 млн қызмет көрсетілген. Портал арқылы аударылған транзакциялар сомасы 18 млрд теңгені құрады. 

«2018 жылы жаңа 51 қызмет пен сервис түрін енгіздік. Қызметтер саны одан әрі артып отырады. Былтыр Телеграмм-ботты іске қостық. Қазір онда 140 мың қолданушы бар және 24 электрондық қызмет алуға болады. Өткен жылы 160 мың сұрау келіп түсті», - дейді басқарма төрағасы.

eGOV.kz порталының 5 қызметі елімізде 25 мың терминалы бар «Касса 24» пайдалануға берілді. Әсет Тұрысовтың айтуынша, бұл азаматтарға қызметтерді жақын жерден алуға мүмкіндік беретінін айтты.

«eGOV.kz-тен 54 қызметті бір реттік пароль арқылы алуға болады. 2018 жылы осы қызметті алу үшін азаматтарға 12,5 млн хабарлама жібердік. Ашық үкіметке 251 мың өтініш келіп түссе, оның көп бөлігі ҚР Ішкі істер министрлігіне, Бас прокуратураға, МҚІСЖҚІҚА-ға бағытталған», - деді «ҰАТ» басқарма төрағасы.

Назерке Абибулла

Өзгелердің жаңалығы