Бурабайда құзға өрмелеуден фестиваль басталды

15 Маусым 2019, 19:27
2245
Бөлісу:
Бурабайда құзға өрмелеуден фестиваль басталды
PHOTO
Фото: автордан

Бурабай, BAQ.KZ тілшісі. Бүгін Бурабай курорттық аймағында Жастар жылы аясында құзға өрмелеуден «Бурабай-2019» республикалық фестивалі басталды.

Фестивальдің алғашқы күні альпинизмнен (құзға өрмелеу класы) Қазақстан Республикасы кубогының кезеңі өтті. Кәсіпқой спортшылар жарыс жолына шығып, өзара мықтыны анықтады. Спорттың бұл түріне тіпті 14-17 жастағы жасөспірімдер де қатысты. Ал ертең Оқжетпес шыңын әуесқойлар бағындыратын болады.

Бурабайда құзға өрмелеуден фестиваль басталды

"Фестиваль аясында бүгін альпинизмнің құзға өрмелеу форматы бойынша 18 жастан жоғары және 15-17 жастағы жасөспірімдер сынға түсті. Құзға өрмелеу биіктігі 100 метр құрайды, өте күрделі. Спортшылар өз-өздерін сақтандырады. Соңғы нүкте шыңға жеткенде ғана уақыты есептеледі. Кім соңғы нүктеге дейін жетпесе, оның көтерілген биіктігі мен уақыты есептеледі", - фестивальдің бас директоры, альпинизмнен ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы Сергей Беляков.

Кубок кезеңіне Қазақстанның Алматы, Өскемен, Нұр-Сұлтан қалалары мен Ақмола облысынан осы спорт түрінен көшбасшы спортшылар келді. Бас бапкер ересектер арасында жарыс деңгейі өте жоғары екенін, сондай-ақ жасөспірімдер де жақсы дайындықпен келгенін айтты. 

Бурабайда құзға өрмелеуден фестиваль басталды

"Алдағы уақытта осы форматта Алматыда, Өскеменде, Шымкентте республикалық жарыстар өтеді. Кубокта көшбасшы спортшылар Болгарияда өтетін әлем чемпионатында бақ сынайды. Бұл халықаралық жарыстарға дайындық десек те болады. Ал тамызда Алматыда өтетін Азия чемпионатына қазірдің өзінде Жапония, Қытай, Корея секілді 10 елден өтінім келіп түсті", - деді ҚР мемлекеттік жаттықтырушысы.

Спортшылардың ең жылдамы құзға жарты сағатта өрмелеп шығады, ал Беляков жалпы 
1,5-2 сағатқа дейін уақыт кететінін айта кетті.

Бурабайда құзға өрмелеуден фестиваль басталды

 Нұр-Сұлтан қаласынан келген Светлакова Дарья жарыстан кейінгі әсерімен бөлісті. 

"Құзға өрмелеу әрқашан қиын. Кейбір сәттерде тіпті қорқынышты. Өзіңе сенімділік жинап, биікке көтерулің керек. Жарыс алдында қорқыныш болды, бірақ біз соңына дейін бардық. Бұл спортпен жарты жылдан бері айналысамын. Туризмнен бастадым, содан осында ауыстым. Бапкерім осында бағыттады. Мұндай спортпен айналысқаныма мақтанамын. Қызықты спорт. Адреналин болады. Шың басына шыққан кезде қуанасың", - деді жас спортшы.
Даьяның серігі Әбдрахманова Әсем құзға өрмелеген кезде қорқынышын жеңуге тырысатынын айтты.

Бурабайда құзға өрмелеуден фестиваль басталды

 "Менде қорқыныш сезімі болады.Тауға шыққан әрбір адам мұны бастан өткереді деп ойлаймын. Биіктіктен қанша дегенмен әрбір адам қорқады. Біз тауда емес, жерде өмір сүріп жатырмыз. Сол үшін мінген қиынырақ. Сол қорқыныштың бәрін жойып, көтерілуге тырысамын. Бүгін бірінші арқанға серігім мінді, екінші арқанға мен міндім. Екінші арқан өте қиын, әркімнің қолынан келе бермейді. Бірақ мен темірлердің арқасында ұстап, міне салдым. Таудың да ұсталынбайтын жерлері бар, оған да шыдайсың", - деді ол.

Әсем де, Дарья да жырым-жырым болған қолдарын көрсетті." Қыздың қолына ұқсамайды"- деп бір-біріне күлді. Жырылған қолдарына "зелёнка" жақты.

Ол бұл спортпен биыл қаңтар айынан шұғылдана бастаған. Бұрын-соңды тауларға туризм секциясына қатысып жүрген өрмелеген.

"Арманым әлем чемпионатына барып, орын алып, елімнің намысын қорғап, спортшылардың мықты, көп екенін спортшы көрсеткім келеді", - деп сөзін түйіндеді альпинист.

Жарыс қорытындысы:
Жұптық кезең 
Ерлер 
1-орын: Грязнов Павел мен Литовченко Александр (Алматы) 
2-орын: Шестернин Роман мен Крупа Леонид (Алматы)
3-орын: Тен Максим мен Головко Михаил (Алматы) 

Әйелдер:
1-орын: Грязнова Олеся мен Аубакирова Полина (Алматы)
2-орын:  Фёдорова Кира мен Быстрицкая Мария (Нұр-Сұлтан)
3-орын: Гнусарова Елена мен Рездерман Юля (Алматы)

Жасөспірімдер
Ерлер:
1-орын: Мейірман Сағынтай мен Шокимов Ануар (Нұр-Сұлтан)
2-орын: Фирсов, Медведев (Өскемен)
3-орын: Асылбек Хашим мен Қарбай Муса (Ақмола облысы)

Қыздар:
1-орын: Абдаxманова Асем мен Светлакова Дарья (Нұр-Сұлтан)

Еске сала кетсек, фестивальдің ұйымдастырушысы - ҚР Мәдениет және спорт министрлігі.


Өзгелердің жаңалығы